Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

Денсаулық сақтау министрлігі карантинге жатқызылған жолаушылардан кешірім сұрады

2020 жылдың 25 ақпан 2020 07:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 24 ақпан күні Scat әуе компаниясының ұшағымен Токиодан ұшып келіп, 14 күнге карантинге жатқызылған жолаушылардан кешірім сұрады. Бұл жөнінде ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

«Мұндай төтенше санитарлық-карантин шарасы коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Аталған инфекция бүгінде қоғам денсаулығына қатер төндіріп отыр. Айта кету керек, бұл шешім барлық талаптарға сай, қысқа мерзім ішінде қабылданды», - деп жазады министрлік.

Қазіргі таңда барлық жолаушылар тәулік бойы дәрігерлердің бақылауындағы медициналық мекемеде жатыр. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан.

Олардан сынама алынып, Алматыдағы Айқымбаев атындағы қауіпті инфекцияларды зерттейтін Ұлттық ғылыми орталыққа жөнелтілген.

Еске сала кетейік, кеше жапондық Diamond Princess лайнерінің бортында болған Қазақстанның 4 азаматы Қазақстанға оралып, Нұр-Сұлтан қаласы №3 көпбейінді ауруханасының жанындағы инфекцияға қарсы корпусқа жайғасқан болатын.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелмегенін хабарлайды. Қосымша ақпарат қажет болған жағдайда тәулік бойы қызмет ететін 1406 байланыс орталығына хабарласуға болады.
Жоғары қарай