Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Депутат Байқоңырдан зымыран ұшырудың салдарына зерттеу жүргізуді ұсынды

2021 жылдың 10 маусым 2021 12:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Ақылбек Күрішбаев Байқоңырдан зымыран ұшырудың салдарына ғылыми зерттеулер жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау кезінде сенатор Ақылбек Күрішбаев ұсынылып отырған заң жобасы біз үшін экономикалық тұрғыдан тиімді екенін атады.

«Сонымен қатар, көптеген ғылыми зерттеулер зымыран-ғарыш техникасы оны пайдаланудың штаттық режимінде, әсіресе авариялық жағдайларда қоршаған ортаның барлық объектілеріне – топыраққа, суға, атмосфералық ауаға, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне теріс әсер ететінін айқын растайды.

Мамандардың мәліметінше, қазір бізде ғарыштық зымыран техникасымен ластанған топырақ контурлары және оларды түрлендіру өнімдері бар табиғи кешендер қалыптасқан. Бұрын зымыран отыны ретінде кеңінен қолданылған гептил қауіптіліктің бірінші санатына, яғни заттардың ең қауіпті тобына жатады.

Мамандардың пікірінше, гептилдің өзі ұзаққа жатпайды, бірақ одан ыдыраған өнімдер топырақта, қоршаған ортада ондаған жылдар бойы сақталуы мүмкін. Кейбір мәліметтер бойынша 30-40 жылға дейін», - деді А.Күрішбаев.

Оның айтуынша, қазақстандық ғалымдар зымыран-тасығыштардың бөліктерінің құлау ауданында экологиялық зерттеулер жүргізу, жеткізу кезеңінде іргелес аумақтардағы халықтың денсаулық жағдайын бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеген.

Сенатордың дерегінше, тиісті аймақтарда зымыран техникасын пайдаланудың қоршаған ортаға, жануарлар әлеміне, адамдардың денсаулығына тигізетін зардаптары туралы толық ақпарат жоқ.

«Ең алдымен, ұшудың барлық траекториясы бойынша және зымыран тасығыштардың бөліктері құлаған аудандарда қоршаған ортадағы гептил метаболиттерін түгендеу қажет.

Екіншіден, Қазақстанның климаттық жағдайындағы қоршаған ортадағы, биологиялық жүйелердегі гептил өнімдерінің тұрақтылық кезеңі мен трансформация ерекшеліктерін айқындау керек.

Үшіншіден, гептилден ыдыраған өнімдерді топырақтан өсімдіктерге транслокациялау жолдары мен механизмдерін, яғни олардың тағамға ену жолдарын зерттеудің маңызы зор.

Төртіншіден, Қазақстан жағдайында гептилдің ыдырау өнімдеріне гигиеналық нормативтер әзірлеу қажет», - дед Ақылбек Күрішбаев.

Сенат өкілі ең бастысы – зымыран тасығыштардың бөлінетін бөлшектері құлаған аудандар аумағында және зымыран отыны төгілген аудандарда тұратын халықтың сырқаттанушылық құрылымын егжей-тегжейлі зерттеу екенін еске салды.

Сенатор өңделмеген зымыран отыны ластанған аумақтардың экологиялық жүйесін зерттеу айтарлықтай уақыт пен ресурстарды талап ететінін атап өтті. Осындай ауқымды зерттеулер жүргізу үшін екі ел арасындағы жекелеген келісімдер шеңберінде осы саладағы ғалымдардың, дәрігерлер мен экологтардың зерттеулерін бағдарламалық-мақсатты және гранттық қаржыландыруға бюджет қаражатын бөлу қажеттігін атады.


Жоғары қарай