Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Депутат мәдени құндылықтарды насихаттау жұмыстарын күшейтуге қатысты ұсыныстар айтты

2021 жылдың 23 маусым 2021 12:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Фахриддин Қаратаев еліміздің мәдени құндылықтары мен салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған жұмыстарды күшейтуге қатысты ұсыныстар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өйткені Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын үлгі тұтып атап өту үлкен мәртебеге ие. Бұл өткен жолымызға және елдік жетістіктерімізге есеп беретін шақта тұрмыз. Еліміздің 30 жыл ішінде ішкі және сыртқы саясаттағы, экономикадағы әрі әлеуметтік-мәдени саладағы қол жеткізген табыстары айрықша! Сонымен қатар, Президент мерейтой кезінде бірінші кезекте өскелең ұрпаққа бағытталған іс-шараларды, сондай-ақ басқа да бірқатар маңызды міндеттерді жүктеді. Мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыстар жүргізуде. Дегенмен, жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынын күшейтіп, идологиялық тұрғыда жұмыстар жүргізу қажет», - деді Ф. Қаратаев Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.

Осыған байланысты депутаттық корпус бұл мәселені қарастыру және пайдалану үшін бірқатар ұсыныстарды алға тартты, оның ішінде:

1. Ауылдық округтердің, аудандар мен облыстардың әкімдері идеологиялық тұрғыда тарихи мұраны, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдары, интернет және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау жөнінде неғұрлым кең ауқымды жұмыс жүргізуі қажет.

2. Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертеңгі болашағымыз осы жастар буынында. Еліміздің білім ошақтарындағы жастарға бағыт-бағдар беруіне басымдық беріліп, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін үнемі насихаттау керек. Сондықтан да, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне баса назар аударылса нұр үстіне нұр болары анық. Бұл – патриотизмді дамытудың бірден бір жолы.

3. Тиісті мемлекеттік органдардың халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, халықпен жұмыс істеу тәсілі тағы да нығайтылғаны жөн.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі барысында 26 жыл бойы қол жеткізілген жұмыстардың нәтижелерін көрсету де аса маңызды. Осыған байланысты халықаралық ынтымақтастықты нығайту және мәдени қатынастарды дамытуға, Қазақстан халқының мәдени құндылықтары мен салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған бастамаларды бірлесіп іске асыруды ұсынамыз», - деді Фахриддин Қаратаев.


Жоғары қарай