Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Депутат зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесін тездетіп қабылдауды сұрады

2021 жылдың 20 қаңтар 2021 13:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тиісті мақсаттарға пайдалану бойынша заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды тездетуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда ол 2020 жылдың қыркүйегінде Президент өз Жолдауында 2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алатынын жариялағанын еске салды. Бұл ретте тиісті заңға Мемлекет басшысы қол қойып, құжат заңды күшіне енді.

«Алайда Үкімет тарапынан баспана жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесі әлі де қабылданбады. 761 мың азамат осы ережені күтіп отыр. Олардың көбісі баспана таңдап алған, ал бұл ереже жобасы түрлі келісулер бойынша кабинет аралап жүр. Осы орайда халық тарапынан көптеген ескертулер түсіп жатқанын айта кеткен жөн», - деді А. Жамалов ҚР Премьер-Министрі мен ҚР Ұлттық банкі төрағасының атына жолданған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, азаматтардың біразы баспананы 5 жыл ішінде сатуға болмайды деген шектеуге наразы.

«Бұл тұрғыда азаматтардың қарапайым өмірлік жағдайлары ескерілмеген, яғни басқа өңірге көшу, тұрғын үй жағдайын ары қарай жақсарту жоспарлары бар ғой. Президент тапсырмасы мен ел халқының үмітін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану бойынша қажетті заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды тездетіп, 2021 жылғы қаңтар айының соңына дейін оларды іске қосуды сұраймын», - деді А. Жамалов.


Жоғары қарай