Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Депутаттар зиянды жағдайда жұмыс істейтіндердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

2021 жылдың 19 мамыр 2021 17:26

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ерлан Смайлов зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін зейнет жасын төмендетуді ұсынды. Осы орайда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына суал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қауіпті және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеу қызметкерлердің денсаулығына теріс әсер етеді. Статистикаға сәйкес, 2020 жылы елімізде өмір сүрудің орташа күтілетін ұзақтығы ер адамдарда 67, әйелдерде 75,5 жасты құрады. Шын мәнінде, зиянды өндірістермен айналысатын ер адамдар үшін бұл толыққанды лайықты қарттыққа өз құқығын іске асыру мүмкіндігінің жоқтығын білдіреді. 1956 жылы КСРО-ның «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңы 9-бапта жерасты жұмыстарында, зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда және ыстық цехтарда жұмысшылар мен қызметкерлер үшін қарттық бойынша зейнеткерлікке жеңілдікпен шығу құқығын белгіледі: ерлер – 50 жасқа толғанда және жұмыс өтілі кемінде 20 жыл болғанда, әйелдер – 45 жасқа толғанда және жұмыс өтілі кемінде 15 жыл болғанда. Ел жойқын соғыстан енді-енді қалпына келсе де, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қатаң сақтады», - деді Е. Смайлов.

Оның айтуынша, осы саладағы мемлекеттік саясатының қисыны біздің азаматтардың мүддесімен емес, бюджет шығындарын қысқарту қажеттілігімен айқындалады.

«Сонымен қатар макроэкономикалық, әлеуметтік, демографиялық факторларды талдау мен есепке алуға негізделген кешенді тәсіл зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнетке ертерек шығуының ұтымды әрі тұтастай алғанда әлеуметтік-экономикалық сала үшін бірқатар пайдасы бар екенін дәлелдейді. Мәселен, әлемде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-демографиялық зерттеулер зейнетке шығу жасының артуы ересек тұрғындардың мүгедектігінің айтарлықтай өсуіне алып келетінін көрсетуде. Оларды медициналық және әлеуметтік қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бюджеттің тиісті шығындары да өседі», - деді депутат.

Оның пайымынша, өндірістегі егде жастағы жұмысшылар осыған байланысты «оңай жұмысқа» ауысуға тырысады. Бірақ мұндай жұмыс орындарының саны шамалы және оны оңай деп атауға тағы келмейді.

«Шешім бар. Ол зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін зейнет жасын төмендету», - деді депутат.


Жоғары қарай