Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Димаш биылғы Junior Eurovision байқауына қатысатын Қарақат Башановамен кездесті

2020 жылдың 27 қараша 2020 08:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Димаш Құдайберген биылғы Junior Eurovision байқауында Қазақстан намысын қорғайтын 12 жасар әнші Қарақат Башановамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Dimashnews ресурсына сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Қарақат Башанованың Junior Eurovision байқауына қатысатынын жазған болатынбыз.

Халықаралық ән сайысы 29 қараша, сенбі күні Варшавада өтеді. Пандемияға байланысты тікелей эфир кезінде шоу жүргізушілері Польшада болады. Ал қатысушылар өз елдерінен нөмірлерді бейнебайланыс арқылы ұсынады деп шешілген.

Жауапты сын алдында Қарақат ірі халықаралық байқаулардың жеңімпазы, тәжірибелі әнші Димаш Құдайбергеновпен кездесті.

Жас өнерпазбен әлемге әйгілі әнші 2019 жылдан бері таныс. Ол кезде Димаштың туған қаласы Ақтөбеде Baqytty Bala байқауы өтіп, Қарақат үшінші орын иеленген болатын.




Бүгінгі кездесу Нұр-Сұлтандағы орталық концерт залында болды. Димаш Қарақатқа қолдау білдіріп, әкесіне арналған «Forever» әнін тамашалады.

«Сенің бойыңдағы талант мені тебірентті. Ол міндетті түрде басқаларды да таң қалдыратынына сенімдімін» , – деп жігерлендіре түсті.

Димаш өз тәжірибесін бөлісіп, кеңес берді. Номерді орындауда вокалдан бөлек сахналық шеберлік қажет.

«Жеңіске жету үшін жақсы көңіл-күй де маңызды»- деп ақылын айтты.

Қарақат маңызды сын алдында Димаштың өзі дайындыққа келіп, қатысқанына қатты қуанды.

Кездесуден шабыт алған өнерпаз сүйікті әншісіне қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, лайықты өнер көрсетуге күш салатынын жеткізді.




Қарақатқа Димаштың қарындасы Раушан да сәттілік тіледі. Жас өнерпазға балалар Евроведениесіне қатысуға Раушан ұсыныс айтқан болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қарақат - Junior Eurovision байқауына Қазақстан атынан қатысып отырған үшінші өнерпаз. Бұған дейін Данелия Төлешова (2018 жылы) бақ сынап, алтыншы орынға ие болды. Өткен жылы бұл конкурстың екінші орнын Ержан Максим жеңіп алды.


Жоғары қарай