Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Допты хоккей: «Ақжайық» Ресей чемпионатына қатыспайды

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 18:28

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Коронавирус індетіне байланысты Оралдың «Ақжайығы» допты хоккейден Ресей чемпионатына қатыспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандықтар жылда жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста бақ сынап жүрген-ді.

«Ақжайық» спорт клубының директоры Мерей Қанибетовтің мәлім еткеніндей, биыл індетке байланысты хоккейшілердің де шетелге шығуына тыйым салынды.

Осылайша 1976 жылы құрылған «Ақжайық» командасы биылғы Ресей біріншілігінен тыс қалып отыр.

«Қазіргі таңда оралдық бапкер Николай Шавалдиннің шәкірттері Ақтөбе қаласында оқу-жаттығу жиынында жүр. Биыл күзде өтуі тиіс допты хоккейден әлем чемпионаты да кейінге қалдырылды. Бәлкім, жағдай түзелсе, «Ақжайық» жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың финалдық кезеңіне барып қалар. Осы бағытта Ресей допты хоккей федерациясымен сөйлесіп жатырмыз. Сондай-ақ барлық жас ерекшеліктеріне қарай Қазақстан чемпионатын да өткізу жоспарлануда. Мұның бәрі індеттің қалай өрбитініне байланысты», деді ҚазАқпарат тілшісіне Мерей Қанибетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» футбол клубының банкрот деп танылуы мүмкін екендігін жазған болатынбыз.


Жоғары қарай