Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ЕАЭО аясында асыл тұқымды мал шаруашылығы нарығын дамыту тәртібі айқындалды

2021 жылдың 27 қаңтар 2021 11:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісім мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу тәртібін реттейді және ЕАЭО аясында асыл тұқымды мал шаруашылығы нарығын дамытуға, сондай-ақ өзара саудада кедергілерді жоюға бағытталған. Келісімді әзірлеу жұмысы 2014 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы ауқымында жүргізілгенін, жұмыс тобының ескертулерін ескере отырып, пысықталғанын атап өткен жөн. Келісім асыл тұқымды мал шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық заңнаманың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Келісімнің ұғымдық аппаратында «асыл тұқымдық өнім», «асыл тұқымдық құндылық», «асыл тұқымдық жануар», «селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс», «ауыл шаруашылығы жануары» сияқты терминдер біріздендірілген әрі нақтыланған.

Селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу кезінде мүше мемлекеттерде асыл тұқымдық өнім өндіру саласындағы бірыңғай талаптарды қолдану мақсатында Келісімде мыналарды біріздендіру көзделеді:

- ауыл шаруашылығы жануарларының жаңадан құрылған тұқымдарын, желілерін немесе кростарын байқаудан өткізу тәртібі;

- асыл тұқымды материалдың сапасын молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу арқылы айқындау тәртібі;

- туыс тұқымдарды пайдалану арқылы алынған асыл тұқымды жануардың тұқымын айқындау тәртібі;

- жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын бағалау бойынша әдістемелері.

«Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіруді мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жүзеге асырады, талдамалық қамтамасыз ету ғылыми-зерттеу ұйымдарына бекітілетін болады.

Сондай-ақ Келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер асыл тұқымды мал және селекциялық жетістіктер туралы мәліметтер алмасуды көздейді. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп Келісімді іске асыру үшін нормативтік құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Келісімді ратификациялау ЕАЭО ауқымында селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуді оңтайландыруға, мал шаруашылығында селекция мен асыл тұқымды істі дамытуды қамтамасыз етуге, отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді министр.


Жоғары қарай