Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

ЕАЭО елдері үшін қаржы пирамидаларының бірыңғай «қара тізімі» әзірленбек

2022 жылдың 24 қаңтар 2022 17:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үшін қаржы пирамидаларының бірыңғай «қара тізімі» әзірленбек. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылғы 1 қазанда ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Ол ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың негізгі мақсаттарын, міндеттерін және негізгі бағыттарын айқындады. Тұжырымдаманы іске асыру аясында бірқатар халықаралық келісімді әзірлеу мен қол қою көзделген. Келісімдер қаржы нарығының заңнамасын үйлестіруге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Тұжырымдаманың стратегиялық бағыттарының бірі инвесторлар мен жалпы қаржы нарығындағы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып саналады

Оның атап өтуінше, тұжырымдаманың 7-тармағында жалпы қаржы нарығында инвесторлар мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау аясында ұлттық реттеушілердің өкілеттіктері шеңберінде қаржылық алаяқтықтың әртүрлі нысандарына және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеу көзделген. Тұжырымдаманы іске асыру ЕАЭО кеңесінің №27 өкімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі 2020 жылғы 23 қарашадағы іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асырылады.

«Сонымен қатар, жоспарға сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мәселелерде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде 2022-2025 жылдар кезеңінде қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша үйлестірілген талаптарды әзірлеу көзделеді. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия осы жылға арналған жұмыс жоспарын әзірлеуде. Оның аясында агенттік ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер үшін бірыңғай «қара тізімді» және оған жосықсыз қаржы ұйымдары мен қаржы пирамидаларының белгілері бар ұйымдарды енгізудің бірыңғай әдістемесін жасау мәселесін енгізуді пысықтайтын болады», - деді Мәдина Әбілқасымова.


Жоғары қарай