Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Егіс алқабын киіктер таптап тастаған қазақстандық фермерлердің шығыны өтеле ме

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 17:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Егістік алқапты киіктер таптап тастауынан шығынға батқан отандық фермерлердің жанайқайына жауап берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдеріне «Біз жуырда Ақмола облысы Егіндікөл ауданындағы ауылға бардық, ол жердегі фермерлер киік, ақбөкендердің егіс алқабын бүлдіргенін айтты. Яғни, дала жануарлары егіс алқабын таптап жатыр екен. Оған өзіміз де куә болдық. Осы орайда фермерлердің шығыны өтеле ме? Және бұл мәселені шешу үшін не істеліп жатыр?» деген сауал жолданды.

«Расында да осындай мәселе бар. Жұмыс бабымен СҚО, Қостанай және Ақмола облысын аралау барысында өзім де көрдім, шаруа иелері де айтып жатты. Проблема бар, біраз зиян келтірген. Бірақ киіктер - Экология министрлігінің құзыретіндегі мәселе. Біз өз кезегімізде аталған министрлікке хат жолдадық, жуырда мәселені екіжақты қарап, шешімі табылады деген ойдамыз», - деп жауап берді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, әзірге фермерлерге келген шығынды өтеу жағы қарастырылып жатқан жоқ.

Және оның айтуынша, аталған мәселе екі министрліктің қатысуымен шешілмек.

Бұған дейін аталған баспасөз мәслихатында еліміздің Ауғанстанға астық экспорттау мәселесі сөз болған еді.

Сондай-ақ, Қазақстандағы нан бағасына қатысты болжам жасалды.


Жоғары қарай