Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Экология министрі Алматыда ағаштардың оталуына қатысты: Мұндайға жол беруге болмайды

2020 жылдың 24 қараша 2020 14:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматыда оталған ағаштарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше біз Алматыда ағаштарды жабайылықпен кесу фактісіне куә болдық. Оқиғаның қоғам ашуын тудыруы орынды. Мұндай жағдайларға жол беруге болмайды!

Қазір еліміз бойынша атмосфералық ауаның ахуалын жақсарту бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр, Экокодекс қабылданып жатыр, Президент 2 млрд-тан астам ағаш егуге тапсырма берді. Қауым болып жұмылып, бір мақсат жолында жұмыс істеп жатқанда, заңсыз ағаш кесу жағдайы тіптен орынсыз», - деді Мағзұм Мырзағалиев .

Министр биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен ағаш кесуге қатысты жауапкершілікті арттыру бойынша Заңға өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

«Оның ішінде, 1 ағаш кесілсе, орнына 10 ағаш егу өтемақысы енгізілді, айыппұл көлемі екі есе артты. Табиғи ресурстарымызға ұқыпты қарауға шақырамын. Бір ағаш жайқалып өсуі үшін ондаған жылдар керек. Келешегіміз біздің экологиялық мәдениетіміздің деңгейіне тікелей байланысты», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударған еді.

Еске сала кетсек, 23 қарашада түнде Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.

«Қазір аудан әкімдігі мен Полиция Департаменті кесілген ағаштардың тұқымы мен сапасын анықтау үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Айыпты тұлғалар анықталған соң Полиция Департаменті оларды жауапкершілікке тартады. Толығырақ ақпаратты анықтау жұмыстары аяқталған соң жариялаймыз», - деп мәлім етті қала әкімдігі.

Кейін Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады. Sulpak мердігерлері - «Сакура» ЖК директоры А.Чертихинаға 55 560 теңге айыппұл салынып, «Бөрібекова» ЖК-не 83 340 теңгеге әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, Алматы прокуратурасы «Sulpak» дүкеніне іргелес аумақты абаттандыру кезінде жеке кәсіпкердің ағашты заңсыз кесуін тексеруге кірісті.

Жоғары қарай