Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Экология министрлігі Ақбұлақ өзенінің ластануы бойынша шағымды тексеріп жатыр

2020 жылдың 14 қазан 2020 19:22


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Нұр-Сұлтандағы Ақбұлақ өзені бойынша тексеру жұмысын бастады. Бұған дейін аталмыш өзеннің ластанғаны туралы халықтан шағым түскен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақбұлақ өзенінің ластанғаны туралы әлеуметтік желілердегі ақпараттарға байланысты тексеру басталған. Нақтырақ айтқанда 2020 жылғы 13 қазанда «Қазгидромет» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экологиялық мониторинг департаменті Қоршаған орта ластануының мониторинг зертханасының қызметкерлері бірқатар нүктеден жоспардан тыс су сынамаларын алған.

«Атап айтқанда құрылыс алаңынан 0,5 шақырым жоғары, теміржол көпірінің жанынан, екіншіден қала тұрғындары түсірген орыннан (құрылыс алаңына қарама-қарсы), үшіншіден құрылыс алаңынан 0,5 шақырым төмен, автомобиль көпірінің астында, А.Пушкин көшесі мен Ш.Құдайбердіұлы даңғылының қиылысынан алынды», - деп хабарлайды Экология және геология, табиғи ресурстар министрлігінен.

Министрлік жер үсті суларының сапасын талдау 42 физикалық-химиялық көрсеткіш, атап айтқанда басты иондарды, биогенді, органикалық және бейорганикалық заттар, ауыр металдар бойынша жүргізілгенін жария етті.

«Шекті рұқсат етілген нормадан асып кету - оттегін, аммоний ионын, тұздылықты, кальций мен хлоридтерді химиялық тұтыну кезінде тіркелді. Бұл су қоймасының органикалық заттармен және суға тән қоспалармен ластанғанын көрсетеді. Ақпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жіберілді. Қазіргі уақытта 5 тәулік ішінде оттегіні биохимиялық тұтыну бойынша талдау жүргізу жалғасуда, нәтижелер қосымша ұсынылады», - деп хабарлайды министрліктен.


Жоғары қарай