Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін экософия тұжырымдамасы бекітіледі

2020 жылдың 29 қазан 2020 19:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін экософия тұжырымдамасы бекітіліп, келесі жылдың жоспарына енгізіледі. Бұл туралы Ақордада өткен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Жаңа айтып өттім, әлемді шарлаған КОВИД-19 біздің жоспарымызға тікелей әсерін тигізді. Осы орайда, жыл басындағы Өзіңіздің Ұлттық комиссия отырысында да, тамыз айындағы «Ана тілі» газетіндегі мақалаңызда да көрсетілген тапсырмаңызға сай пандемия тудырған қоғамдағы өзгерістерге байланысты бірқатар жаңа арнайы жобалар іске қосылды«, - деді министр отырысқа төрағалық еткен ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевқа қарата.

Осы орайда ол аталған жобаларға кеңінен тоқталып өтті.

»Жалпы, бұл бағытта жыл басында министрлік жанындағы Қоғамдық даму институты 12 жоба дайындаған болатын. Оның ішінен Президент Әкімшілігінің шешімімен 4 арнайы жоба іріктеліп алынды. Олар: Елбасымыз айтқан прагматикалық өмір салтына, бәсекеге қабілеттілік пен озық білімге негізделген «Үнем – қоғам қуаты»; дарақылық пен ысырапшылдық, бос мақтан мен өзімшілдіктен арылуға бағытталған «Дәстүр мен ғұрып»; елдің құқықтық сауатын көтеріп, санасын ашуға бағытталған «Құқықтық мәдениет»; еңбекқорлығы мен масылдықтан бас тарту, кәсіп жасау сияқты қасиеттерін дәріптейтін «Еңбек – елдің мұраты» деген арнайы жобалар. Әрине, олардың қамтитын тақырыптық шеңбері атауынан әлдеқайда кең«, - деді Аида Балаева.

Мысалы, министрдің айтуынша, бүгінгі таңда, әсіресе, қоғамның экологиялық мәдениетін көтеру өте өзекті.

»Ол туралы Ел Президенті түрлі мінберден айтып келеді. Сондықтан да, біз осы саладағы қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, жаңа экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін – экософия тұжырымдамасын бекітіп, келесі жылдың жоспарына енгізуді көздеп отырмыз. Сол сияқты, «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында дін саласында «Ас беру мәдениеті» және «Мазар әдебі» сияқты регламенттік құжаттарды дайындауды қолға алсақ, «Еңбек – елдің мұраты» жобасы аясында NEET санатындағы жастармен кешенді жұмыс жүргізуді жоспарлап қойдық«, - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда осы 4 арнайы жоба аясындағы практикалық шаралар зиялы қауым мен әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің ортақ пікірлесуі нәтижесінде жасақталып, қоғам тарапынан қолдау тауып отыр.

Еске сала кетейік, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі тереңдетіп Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің арнайы Жол картасын жасау қажет деген шешім қабылданды. Бұл құжат аса маңызды ұлттық жоба ретінде жүргізіледі.

Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты болып қалады. Жол картасында Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, Білім және ғылымды дамыту, Жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, Еңбек адамын қалыптастыру, Ауылды түлету сияқты т.б кешенді іс-шаралар қамтылады. Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.


Жоғары қарай