Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Экономиканың барлық салалары жаңа білімге негізделуі тиіс – ғалым

2020 жылдың 29 мамыр 2020 13:36

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақстандықтарға ел дамуының қазіргі кезеңінде жоғары сапалы адами капиталдың маныздылығын ерекше атап өтті. Осыған қатысты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов өз пікірін білдірді. ҚазАқпарат пікірдің толық мәтінін жариялайды.

***

Қазіргі уақытта білім мен ғылым экономиканың басты салалары ретінде қабылдануға тиіс және де түбегейлі реформалау қажеттілігіне мән берді.

Президент бүгінгі күнде ғылым мен білімге жеткілікті көңіл бөлінбегенін ашық түрде айтып, бұл салаларға деген көзқарасты ел дамуының драйвері ретінде қайта қарау қажеттілігін алға тартты. Ерекше көңіл аударатын жайт, бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асыру еліміздің дамуына түбегейлі өзгерістер әкелетінін және де халқымыз үшін өркениет бағытындағы серпіліс беретін батыл да, өте ірі қадам екенін атап айту қажет. Экономиканың барлық салалары жаңа білімге, технологияларға және инновацияларға негізделуі тиіс, бұл жаңа экономикаға көшудің біртұтас үлгісін қажет етеді.

Бұған дейін де Президент отандық экономиканың болашақ жаңа құрылымын құру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл құрылымда ғылым мен білім беру дербес сала, әрі өндіруші күш ретінде маңызды орын алуы керек екені анық. Осы мақсатта Мемлекет басшысы бастапқы кезеңде аталмыш саланы отандық экономиканың тиімді секторына айналдыру шараларын ұсынуда, бұл «Ғылым туралы Заңның» жаңа редакциясы мен Білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында көрініс табуы қажет. Сондай-ақ, білім беруді қаржыландыруды 6 есеге, ал ғылымды 7 есеге ұлғайту жоспарлануда. Бұл шаралар Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің көрсеткіштеріне жақындауға мүмкіндік береді. Докторантура гранттарының құны мен санын арттыру, постдокторантура бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты бөлу жөніндегі тапсырма еліміздің ғылыми кадрларын қалыптастырудағы шешуші қадам болады. Республикамызда алғаш рет ҚазҰУ-да жүзеге асырылған постдокторантура бағдарламасы жоғары тиімділікті көрсетті. Алтыншы технологиялық құрылым кезінде ресурстар мен назарды био және нанотехнологияны, жасанды интеллект, виртуалды шынайылық және тағы басқа технологияларды дамытуға шоғырландыру қажет.

Білімге негізделген экономиканың жаңа моделін құру мақсатында Президент технологиялық алаңдарды, ірі кәсіпорындарды жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу институттарымен байланыстыратын тізбек құруға нұсқау беруде. Мемлекеттің, бизнестің және университеттердің тығыз ынтымақтастығына негізделген инновациялық экономикасы дамыған елдерде сыналған тиімді «үштік спираль» моделін қолдану арқылы бұл мақсатқа қол жеткізуге болады. Жетекші елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, ҚазҰУ ғылыми өзін-өзі басқару, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету және ғылымды қажетсінетін секторға инвестиция тарту қағидаттарына негізделген ғылыми әзірлемелерді жасау мен еңгізуге арналған ғылымды басқарудың жаңа моделін іске асыруға бағытталған «Әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын» құруға бастама жасады.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай ареалдар – жаңа инновациялық экономиканың өсу нүктелері. Қазірдің өзінде Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму базасын қалыптастыруға бағытталған экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша құрылған Мемлекеттік комиссияның қызметі шеңберінде елдің болашақ экономикасының негізгі қаланады деген үміттеміз. Осы ретте Әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабы сынды жобалар мен Үкімет және басқа да сарапшылардың ұсыныстарын іске асыруды қолға алу қажет.


Жоғары қарай