Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Ел өңірлерінде шегірткеден қорғау шаралары басталды - АШМ

2020 жылдың 29 мамыр 2020 13:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс еліміз аумағында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта марокко шегірткесіне қарсы химиялық іс-шаралар Жамбыл және Түркістан облыстарында аяқталып қалды. 2020 жылғы 28 мамырдағы жағдай бойынша өңделген көлемі 66,72 мың гектар немесе болжанатын көлемнің 71,09 пайызы. Зерттеу және өңдеу жұмыстары жалғасуда. Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстары итальяндық прусқа қарсы қорғау шараларын өткізуге кірісті», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, басқа аймақтарда шегіртке зиянкестерінің таралу ошақтарының анықталуына қарай химиялық өңдеу басталады.

«Жалпы, шегірткелерге қарсы күрес мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында», - деді ол.

Алмабек Марстың атап өтуінше, қазіргі уақытта Африкада соңғы 25 жылдағы шегірткенің ең ірі көші жүріп жатыр. БҰҰ-да жәндіктердің белсенділігі егістіктердің жойылуына әрі жануарлардың қырылуына, сондай-ақ көптеген елдерде жаппай аштыққа әкеледі деп қауіптенеді.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметтері бойынша, шегірткенің таралуы Африканың көптеген аймақтарында аштықтың себебі болуы мүмкін. Шегірткелердің бұрын-соңды болмаған көші Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан және Оңтүстік Шығыс Азияның басқа елдерінде байқалған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылы 554 мың гектар алаңда үйірлі шегіртке зиянкестері таралуы мүмкін.

Шегіртке зиянкестерімен күрес бағытында 38,3 млн гектар алқап зерттелетін болады.


Жоғары қарай