Ауа райы
Астана 29 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елбасы аумалы, төкпелі заманда егемен еліміздің шаңырағын шайқалтпай, босағасын бекемдеді - Ерсұлтан Бектұрғанов

2020 жылдың 6 шілде 2020 16:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халқымызда «Бір шаңырақты сыйлау – ұлтты сыйлаудың алғашқы баспалдағы» деген ұлағатты сөз бар. Елтаңбамыздың дәл ортасында шаңырақтың бейнеленуі де кездейсоқ емес. Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Ерсұлтан Бектұрғанов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халқымыздың көнеден келе жатқан қасиетті ұғымдарының бірі – қара шаңырақ. Ол бір отбасын ғана емес, бүтін елді, тұтас Отанды білдіретін қастерлі ұғым әрі ұрпақтар байланысын, дәстүрлер сабақтастығын қамтамасыз ететін, салт-санамызда берік орын алған, атадан келе жатқан асыл мұра. Әдетте, үлкендер бата берген кезде өз тілегін «Босағаларың – берік, керегелерің кең болсын», «Шаңырақтарың биік болсын», «Шаңырақтарың шаттыққа толсын» деген сөздермен бастап, аяқтап жатады», - дейді Ерсұлтан Бектұрғанов.

Оның айтуынша, қазақ үшін шаңырақтың бүтіндігінен, отбасының амандығынан асқан мәселе жоқ. Сондықтан бұдан үлкен тілек, бұдан үлкен бата болмайды.

«Ел басына күн туып, ер етігімен күн кешкен қиын кезеңдерде де халқымыз шаңырақты жау қолына тастап кетпеген. Тіпті, қыстаудан – көктеуге, одан жайлауға көшіп, қоныс аударған кезде де жаңа жұртта шаңырақ көтеру құрметі елге сыйлы, халыққа қадірлі абыз ақсақалдарға берілген. Бұл Ұлы Даланың бұлжымас қағидасы саналған.

Халқымызда «Бір шаңырақты сыйлау – ұлтты сыйлаудың алғашқы баспалдағы» деген ұлағатты сөз бар. Біздің Ұлттық рәміздеріміздің бірі, Мемлекеттік Елтаңбамыздың дәл ортасында шаңырақтың бейнеленуі де кездейсоқ емес», - дейді Ерсұлтан Бектұрғанов.

Әңгімені шаңырақтан бастап, оның халқымыз үшін қадір-қасиетімен түйіндеп отырған себебін айтты

«Біріншіден, бүгін – өз халқының амандығы жолында басын бәйгеге тігіп, бодан елін бостандыққа бастаған, тәуелсіз мемлекеттің Қара шаңырағын көтеріп, даңғыл даму жолына түсірген, іргелі ел еткен, осынау жауапкершілігі мол, ұлы міндетті өз мойнына алып, абыроймен атқарып шыққан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Екіншіден, қазақ халқының өткен ғасырда өз еркімен таңдап алған жаңа астанасы, Елбасымыз өз қолымен іргетасын қалап, Шаңырағын көтерген Елордамыздың күні. Бұл қос мерекенің сан түрлі ұлттың басын біріктірген Қара шаңырағымыз – Қазақстан үшін орны ерекше.

Сондықтан, ардақты ағайын! Аумалы, төкпелі заманда егемен еліміздің шаңырағын шайқалтпай, керегесін кеңейтіп, босағасын бекемдеген, тәуелсіздігіміздің көк туын биік ұстап, ұлтымыздың ғана емес, бүтін түрік әлемінің ақсақалы атанған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 80 жасқа келген мерейлі күні құтты болсын. Елі сүйген, елін сүйген Елбасына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Тәуелсіздігіміздің нышаны, бірлігіміздің белгісі, татулығымыздың жемісі болып табылатын Бас қаламыздың мерекесі – Елорда күні де құтты болсын!

Баршамызға бақ-береке, амандық тілеймін! Тәңірім тек жақсы күнде жолығуға жазсын!», - деді Ерсұлтан Бектұрғанов.





Жоғары қарай