Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елбасы кітапханасы және БҰҰ кітапханасы мен архиві ниет туралы хатқа қол қойды

2021 жылдың 30 тамыз 2021 20:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 30 тамызда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Женева қаласында (Швейцария) ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы делегациясы БҰҰ бөлімінің Женевадағы кітапхана және архив директоры Франческо Пизаномен кездесті.

Іс-шара БҰҰ-ның Женевадағы бас директоры Татьяна Валовая мен БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Женевадағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанованың қатысуымен өтті.

Тараптар Елбасы кітапханасы мен БҰҰ бөлімінің Женевадағы кітапханасы арасындағы ынтымақтастық жоспарын талқылап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы мен БҰҰ бөлімінің Женевадағы кітапхана және архиві арасындағы ниет туралы хатына қол қойды.




Құжат архив, тарих салаларындағы көпжақты, халықаралық қарым-қатынастар мен құндылықтарды зерттеудің ынтымақтастығын, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметі мен Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеудегі серіктестікті көздейді.

Алғысөз барысында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат Қазақстан делегациясының Женеваға сапары 31 тамызда өтетін халықаралық конференцияға байланысты екенін атап өтті. Елбасы кітапханасы ұйымдастыратын конференция Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналмақ.




«Атаулы күннің Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық үшін маңызы зор. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың тарихи шешімінің арқасында Семей ядролық полигонын жапқан Қазақстан қарусыздану саласы көшбасшыларының бірі болып мойындалды. 2009 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы бірауыздан қарар қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жариялады. Бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған көптеген басқа бастамалар сияқты бұл бастаманы да Елбасы ұсынды. Оның «Манифест. Әлем. ХХІ ғасыр» баяндамасы Бас ассамблея мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның бітімгер және ядролық қаруға тыйым салу идеясының авторы ретінде рөлі зор. Бұл бағытты 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Женевадағы БҰҰ Еуропа бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев та жалғастырып келеді», - деді Б.Темірболат.




БҰҰ-ның Женевадағы бас директоры Татьяна Валовая да Қазақстанның ядролық қарусыздануға қосқан үлесін белгілеп, байланысты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасымен қарым-қатынас орнату біз үшін үлкен мәртебе. Н.Ә. Назарбаев – ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы әлемдік деңгейдегі ірі саясаткерлердің бірі. Оның есімімен аталған мекеменің архиві мен кітапханасын көпшілікке қолжетімді ету – ақылмен табылған ой. Бүгінде кітапхана – әрі ғылыми орталық, әрі маңызды халықаралық іс-шаралардың ұйытқысы. БҰҰ Қазақстан Республикасының екіжақты ынтымақтастықтағы тұрақты ұстанымын және негізгі бастамаларын, атап айтқанда қарусыздану, ұлтаралық және конфессияаралық диалог құру сияқты идеяларын жоғары бағалайды. Зерттеушілердің біздің кітапханаға да, Елбасы кітапханасына қызығушылығы зор», - деп атап өтті Т.Валовая.




Ол 1946 жылы Ұлттар Лигасының барлық архиві мен басылымын қолға алған БҰҰ кітапханасы мен архиві қазіргі уақытта қорын цифрландыру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқанын айтты. Енді бірегей материалдар әлемнің кез келген жеріндегі зерттеушілерге ашық болады. Бүгінде БҰҰ кітапханасы мен архиві қорында 17 миллионнан астам кітап бар. Кездесуде кітапханалар арасында электронды кітап алмасу ұсынылды.

Өз кезегінде Женевадағы БҰҰ кеңсесі кітапханасы мен архивінің директоры Франческо Пизано былай деді: «Қарусыздану және ядролық қаруды таратпау – БҰҰ кеңсесі кітапханасы мен архиві қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Көптеген материалдар, құжаттар мен кітаптар аталған мәселелерді қамтиды. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының да бұл мәселелермен айналысатынына қуанып отырмыз. Бұл мүддеміздің ынтымақтастығымызды нығайтатынына сенімдімін».




Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылдың 30 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында Елбасы кітапханасы Женева қаласында халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар іс-шара мен кездесу өткізбек. Олардың аясында жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің, архивтік және тарихи зерттеулердің, дипломатия мен халықаралық қатынастардың мәселелеріне қатысты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылады.

Бүгін Елбасы кітапханасы Женева саясат және қауіпсіздік орталығымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Ертең, 31 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығына және 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күніне орай Женевада «Қазақстан – БҰҰ: Бейбітшілік үшін серіктестік» халықаралық конференциясы өтеді.

Конференция барысында ағылшын тіліндегі «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» ғылыми жинағының тұсаукесері өтеді.











Жоғары қарай