Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елбасы Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті

2021 жылдың 28 маусым 2021 19:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасында барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

– Ресей біздің тату көршіміз әрі стратегиялық серіктесіміз. Сіздің сапарыңыз парламентаралық байланысты дамытып қана қоймай, мемлекетаралық қарым-қатынасты да нығайта түсері анық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Валентина Матвиенко Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы Елорда күнімен және биыл атап өтіліп жатқан Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.




– Сізді келе жатқан Қала күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Жас Қазақстанның жаңа астанасының бой көтеруіне Өзіңіз тікелей атсалыстыңыз. Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығы атап өтілуде. Отыз жыл қас қағым сәттей өте шықты. Бүгінде Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі ең табысты елдердің бірі. Сіздер дамыған мемлекеттік институттары мен нарықтық экономикасы бар егемен ел құрдыңыздар. Осы жолды жүріп өткен Қазақстан өзіндік келбеті, ішкі және сыртқы саясаты бар, әлемдік қоғамдастықта құрметке ие мемлекетке айналды, – деді Федерация кеңесінің төрағасы.

Валентина Матвиенко Елбасының Қазақстан-Ресей қатынастарының қалыптасуы мен дамуындағы рөлін ерекше атап өтті.

– Сіз Ресей мен Қазақстан арасында байланыс орнатуды әрдайым қолдап келесіз. Өйткені бұл Қазақстанның стратегиялық, геосаяси және ұлттық мүдделеріне сай. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында біз мемлекетаралық қатынас орнатудың табысты жолынан өтіп, тиімді, тең құқылы, өзара сыйластыққа негізделген ынтымақтастық моделін құрдық, – деді Федерация кеңесінің төрағасы.


Жоғары қарай