Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елбасының Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөліне арналған кітап таныстырылды

2020 жылдың 1 шілде 2020 12:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөлі: Елбасы тәжірибесі» атты кітаптың онлайн-таныстырылымы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кітап Тұңғыш Президенттің мерейтойына орай дайындалды және ҚР Конституциясының 25 жылдығын өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында шығарылды. Ол Тұңғыш Президенттің Негізгі Заңды дайындау мен іске асырудағы, еліміздің қазіргі саяси-құқықтық жүйесін құрудағы басты рөлі туралы баяндайды.

Таныстырылымды аша отырып, Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми 1995 жылы жаңа Конституцияны әзірлеу туралы шешім қабылдау еліміз Тұңғыш Президентінің батыл қадамдарының бірі болғанын атап өтті. Кейіннен 30 тамызда өткен референдумда Конституцияның мақұлдануы оған жоғары легитимділік берді.




«Алдымызда маңызды мерекелер келе жатыр. Биыл астана күні Тәуелсіз Қазақстанның және оның әсем елордасының негізін қалаушы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мерейтойымен сәйкес келіп отыр. Сонымен қатар, биыл Конституцияның 25 жылдығы. Елорда мен Ата Заңның дамуы бір-бірімен тығыз байланысты. Конституцияны жазу, оны жүзеге асыру, елорданы әлемнің көрікті қалаларының біріне айналдыру процестері Елбасының тікелей басшылығымен жүзеге асты. Осы оқиғаларға арнап Конституциялық Кеңес ҚР Тұңғыш Президентінің Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөлін жан-жақты сипаттайтын кітапты дайындаған еді. Бүгін сол кітаптың таныстырылымы өтеді», - деді Қайрат Мәми.

Оның сөзіне қарағанда, Елбасы стратегиясы және Қазақстан халқының ерік-жігері үндестік тапты. Осы өткен ширек ғасыр Қазақстан Республикасы Конституциясының тиімділігі мен прогрессивтілігін көрсетті. Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары еліміз азаматтарының мүддесіне жауап беретін Ата Заңның жоғары сапасына, онда жарияланған құндылықтардың мызғымастығына байланысты.

Онлайн-таныстырылымға авторлық ұжымның өкілдері қатысты.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов еліміздегі конституциялық құрылыстың тарихы қазіргі Қазақстанның және оның саяси-құқықтық жүйесінің негізін қалаушысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Таныстырылымға Конституциялық Кеңестің құрамы, Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, сондай-ақ белгілі отандық және шетелдік қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Кітап еліміздің кітапханаларында қолжетімді болады.


Жоғары қарай