Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елді мекендерді газдандыруды белсенді жалғастыру керек - Асқар Мамин

2020 жылдың 24 қараша 2020 09:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елді мекендерді газдандыруды белсенді түрде жалғастыру керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік энергетика нарығын талдау газ өнеркәсібі энергия тасымалдаушылардың өзге түрін өндіру мен тұтынуға қарағанда қарқынды дамып келе жатқанын көрсетіп отыр.

Қазақстанда да осындай жағдай байқалады. Биыл тұтыну 16,5 млрд текше метрге дейін өседі деп күтілуде. Ең алдымен бұл тұтынушылар санының өсуімен байланысты. Осы орайда электр энергиясын өндіру үшін газ – 50 пайыз, коммуналдық-тұрмыстық сектор – 36, өнеркәсіп 14 пайыз пайдаланатын болады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ел тұрғындарын газдандыру көрсеткіші 53 пайыз деңгейінде жоспарланған, 9,8 млн адам табиғи газға қолжетімділікке ие болады», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, 2025 жылы газдандыру деңгейі 60 пайызға жетіп, 2120 елді мекен немесе 11,7 млн тұрғын қосылады.

Бұған «Сарыарқа» жобасының 2 және 3 кезеңдерінің іске асырылуы, Шығыс Қазақстанды газдандыру және де өңірлік желілерді кеңейту мен реконструкциялау ықпалын тигізеді.

«Сондықтан Нұрлан Асқарұлы, елді мекендерді газдандыруды белсенді түрде жалғастыру керек. Бұл – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі», - деді Асқар Мамин Энергетика министрі Ноғаевқа қарата.


Жоғары қарай