Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Электр көлігін көбейтуді ынталандыру керек – Асқар Мамин

2021 жылдың 15 маусым 2021 10:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин электр көлігінің көбеюін ынталандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экологиялық қауіпсіздік және шығарындыларды азайту әлемнің көптеген елдерінің әлемдік және ішкі саясатының маңызды элементі болып саналады. Әлемнің жетекші елдері 2050-2060 жылдарға қарай парниктік газдар шығарындысының нөлдік деңгейіне қол жеткізу мақсатын қойып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экологиялық ахуалды жақсарту мәселесін басым міндеттердің бірі екенін белгіледі», - деп атап өтті Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге «Nur Otan» партиясының бағдарламасын орындау аясында 2 млрд ағаш отырғызу жұмыстары және елдің солтүстік өңірлерін газдандыру жүргізілуде, қоқыс өңдейтін 6 зауыт салынатын болды.

«Атмосфераның ластануындағы мәселелерінің бірі - автокөлік құралдары шығаратын газ. Қоғамдық көлік газға көшіріліп жатыр. Автопаркті жаңарту бойынша кешенді шараларды одан әрі іске асыру, отын сапасы мен шығарындылар мөлшерін бақылауды күшейту қажет. Электр көлігінің көбеюін ынталандыру жұмысын жалғастыру керек, мысалы, жуырда электромобильдерді кәдеге жарату алымы жойылды. Экологиялық тұрғыдан тиімді жұмыс істемейтін кәсіпорындар мен жылу электр орталықтарының шығарындылары көлемін азайту қажет», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, 2025 жылға қарай қабылданып жатқан шаралар 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге және жалпы ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.


Жоғары қарай