Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Электромеханик қалай ірі компанияның бас директоры атанды: Александр Хмелевпен сұхбат

2021 жылдың 10 желтоқсан 2021 18:29

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Еліміздегі мырыш өндіруші ірі компания – «Казцинк» ЖШС-да бас директор болып еңбек етіп жүрген Александр Хмелев бұл лауазымға төгілген маңдай тер мен табанды еңбектің арқасында жетті. Әуелде Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинатына электромеханик болып жұмысқа орналасқан ол өмір жолы осылай өрбиді деп еш ойламапты. ҚазАқпарат тілшісі «Құрмет» ордені және «Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған Александр Хмелевпен кездесіп, сұхбат құрған болатын.

- Негізгі мамандығыңыз қандай? Қай жерде білім алдыңыз?

- Новосибирск мемлекеттік университетінде «Экономикалық кибернетика» мамандығы бойынша білім алдым. Ол оқу орнын 1986 жылы тәмәмдадық. Содан кейін Өскемендегі қорғасын-мырыш комбинатына жұмысқа орналастым. Осылай еңбек жолым басталды. Алғашында электромеханик болып еңбек еттім. Ары қарай инженер-программист, бас бухгалтер, қаржы жөніндегі вице-президент және атқарушы директор болдық. 2014 жылдан бері бас директор лауазымын атқарудамын.

- Осындай жетістікке жетудің құпиясы неде?

- Ешқандай құпия жоқ. Тек аянбай еңбек ету қажет. Бала күнімнен осыны көздеп, соған жету үшін жоспар құрдым деп өтірік айтпая қояйын. Өзімнің мұндай лауазымға қалай жеткенімді білмей де қалдым. Адам керек кезде керек жерде бола білуі керек екен.

- Ал жалпы тау-кен металлургиясына деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

- Шынымды айтсам, металлургтер мен кеншілер жайлы тек кеңестік кинолардан ғана біліп өстік. Себебі балалық шағым Новосібір қаласында өтті. Жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған соң өз еркіммен осында жұмысқа келдім. Ал бұған дейін Қазақстанға табан тіреп көрмегенмін. Міне, содан бері еңбек етіп келеміз.

Сол кезде біреу маған өмірің осылай болады десе сенбес едім. Негізі қаршадайымнан компьютерлік бағдарламашы болғым келетін. Алайда тағдырдың маңдайға жазғаны осы екен. Технология дамыған уақытта осы салаға қатысты білімім де жұмысқа көп көмегін тигізіп жатыр.




- Ірі компанияда басшы болудың қиыны не?

- Меніңше, басшы деген ең бірінші кезекте адаммен байланыс орнатып, тіл табыса білуі қажет. Қоластыңдағылардан нақты нені қалайтыныңды түсіндіріп, оларға сондай жетістікке жету үшін дұрыс бағдар берген абзал. Командалық жұмысты жақсы жүргізу үшін адамдардың мақсаттарын біріктіріп, ортақ идеяға жұмылдырған жөн.

Содан кейін басшыларға қиыны – қызметкерлерінің айтқанына құлақ түре білу. Кейбіреулер өздерін ең білімді санап кетеді. Бұл дұрыс емес. Менде ондай мәселе мүлде жоқ. Себебі жаңа айтқанымдай, оқыған мамандығым – экономикалық кибернетика, ал қоластымдағылар – технологтар. Сондықтан олармен білім жарыстыра алмаймын. Алайда ұжымдағылардың да пікірлері сан алуан болып жатады. Мақсатым – айтқандарын тыңдап, сарапқа салып, тиімді жолды таңдау.

- Сонда ұжымның тізгінін ұстап отырған адам әділетті төреші, білікті психолог бола білу керек дейсіз ғой?

- Иә. Басшы деген біреудің жұмысына тікелей араласпаған жөн. Себебі сол лауазымда отырған адам өз жұмысын саған қарағанда жақсы біледі. Мысалы, қолға күрек алу оңай. Бірақ ол күрекпен нені алып, қайда лақтыру керектігін түсіну керек. Бұны мен бала кезімде құрылыста жұмыс істегенде түсіндім. Кірпіштің өзін дұрыс лақтыра білу қажет. Сондықтан бастықтың міндеті – оған жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасап, қажетті көмек көрсету.




- Жұмыстан шаршап, қолды бір сілтегіңіз келген сәттер болды ма?

- Болды. Бірақ ол ойымнан бас тартып, бағытымның дұрыс екендігіне көз жеткіздім. Өзіңнің істеген жұмысыңа көңілің толмай жатады. Алайда түсінгенім – еш уақытта эмоцияға ерік беруге болмайды. Ашу қысқан кезде шешім қабылдамаған жөн. Сабырға келгенде ғана салқынқандылықпен бәрін ой елегінен өткізу керек.

Тағы бір айта кеткім келетіні, ең бағалы ресурс – уақыт екендігін ұмытпаңыз. Уақытты кері қайтара алмайсыз. Сондықтан әр сәтті қадірлей білген абзал.




- Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Қазіргі уақытта компаниямыз оң қарқынмен дамып келе жатыр. Бірақ біз бәрінен оқ бойы озып тұрмыз деп айтуға әсте келмес. Кез келген адам «менде бәрі керемет» деген кезде ары қарай дамымай қалады. Себебі әр нәрсені одан да жақсы қылып істеуге болады. Сол үшін компания жұмысын одан әрі ілгерілету мақсатында тоқтамай еңбек ете береміз.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Жоғары қарай