Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Елiм-ай» - Қазақстанның үздік табиғат қорғаушылары марапатталды

2020 жылдың 23 қазан 2020 19:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін сақтау саласындағы «Елiм-ай» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында еліміздің үздік инспекторлары, орманшылары және экобелсенділер 16 аталым бойынша марапатталды. Салтанатты рәсімге министрлер, депутаттар, Олимпиада чемпиондары және Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

«Жануарлар әлемі мен орман шаруашылығы саласындағы мамандар қиындық пен тәуекелге толы қызмет атқарады. Өмірін бәйгеге тігіп, табиғат пен жан-жануарларды күн-түн демей күзетіп жүреді. Өткен жылы ақбөкендерді қорғау жолында қорықшыларымыз – Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың браконьерлер қолынан қаза тапқанын ешкім ұмытқан жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік инспекторлардың мәртебесін көтеріп, қолдауды күшейтуді тапсырды. Браконьерлік үшін жаза қатайды. Бүгінгі шара – осынау игі жолда құрбан болған, өз ісіне шын берілген азаматтардың еңбегін ескерудің бір ғана көрінісі», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жиынның ашылуында.






Оның айтуынша, «Елім-ай» марапатын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.

Байқау нәтижесінде «Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі үздік инспектор» аталымында «Охотзоопром» Орталық аймақтық бөлімшесінің инспекторы Мұрат Әлиев марапатталды.

«Браконьерлермен күрестегі үздік ерлігі үшін» номинациясы бойынша «Охотзоопром» Ақмола облысындағы филиалының инспекторы Достай Нұрбеков марапатталды.Ол 2016 жылы браконьерлермен шайқаста жарақат алған.

Орман шаруашылығы саласында 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеген Еркін Қабдығалиев (Шығыс Қазақстан облысының «Самар орман шаруашылығының» директоры) «Елдің үздік орманшысы» атанды.

«Орман шаруашылығын дамытудағы өз ісіне адалдығы үшін» «Семей орманы «МОТР» РММ Семей филиалындағы Батпаев орманшылығының басшысы Александр Трушин марапатталды. Оның еңбегінің арқасында орманшылықта бірде-бір ірі өрт болмаған.

«Орман шаруашылығының еңбек сіңірген ардагері» номинациясы «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің басшысы, орман шаруашылығының ардагері Хамит Ахметовке берілді. Х. Ахметов – биология ғылымдарының кандидаты және 30-ға жуық ғылыми мақаланың авторы.

«Үздік балық өсіруші» аталымында балық шаруашылығының басшысы, ихтиолог Марлен Тұрсынәлі, ал «Үздік балық тәлімбағы» ретінде Қарағанды облысының «Қарағанды балық тәлімбағы» ЖШС (директоры Денис Муштаков) ең ірі балық шаруашылығы озып шықты.

Іле-Алатау ұлттық паркі «Үздік ұлттық табиғи парк», ал Барсакелмес қорығы – «Үздік қорық» болып танылды.

«Экотуризмді ілгерілету бойынша үздік жоба» номинациясы Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевқа берілді.

«Экологиялық мәдениетті дамытуға және табиғаттағы адам қауіпсіздігін арттыруға қосқан үлесі» үшін «Тамыр» жабайы табиғат мектебі жобасы марапат алды.

Қазақстандағы итбалықтардың қорғаушысы, гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова «Экологиялық ағарту маманы» номинациясында үздік атанды.

«Ерік-жігері мен мұрасы үшін» номинациясында Александр Карповичтің (қайтыс болғаннан кейін) еңбегі айрықша аталды. Александр Николаевич екі қолынан айырылған қайғылы оқиғаға қарамастан Ақмола облысында 12 мың ағаш отырғызып кеткен. Марапат Александр Николаевичтің ұлына берілді.

«Өлкетануға қосқан үлесі үшін» номинациясында Баянауыл ұлттық паркінің инспекторы Алтынбек Құрманов жеңімпаз атанды.

«Жабайы жануарларға қамқорлық жасағаны үшін» - Сайрам-Өгем ұлттық паркінің биологы Нұржан Ақылбаев марапатталды.

Жануарларды қорғау қауымдастығының президенті Лилия Сәрсенова «Үй жануарларын қорғағаны үшін» номинациясын жеңіп алды. Лилия Сәрсенова жануарларға арналған жеке үйдің негізін қалаған, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысып жатыр.

Айта кетейік, салтанатты шараны ұйымдастырушы - қоғам белсендісі Ғалым Байтоқ басқаратын «Республика-Өңір-Даму» қоғамдық қоры. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін сақтау саласындағы «Елiм-ай» сыйлығын тағайындау бастамасы аталмыш қоғамдық қорға тиесілі.























Жоғары қарай