Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде адамзаттың тұрақты дамуына арналған марафон мәресіне жетті

2021 жылдың 23 қараша 2021 20:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда адамзат дамуының тұрақтылығына арналған марафон өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан ұлттық ЮНЕСКО клубтарының қауымдастығына сілтеме жасап.

«Тұрақтылықтың бастауы - өзіміз» атты марафон жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 12 мен 45 жас аралығындағы 1400-ге жуық қатысушы өтініш білдірген.

«Жобаның онлайн форматта өтуі мен қатысудың тегін болуы еліміздің барлық аймағын, оның ішінде ауылдық елдімекендерді де қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жоба «Менің қалдырған эко-із» деген атаумен өткен жылы да жүзеге асырылған. Биыл ұйымдастырушылар қатысушылардың жасын 45-ке дейін ұлғайту және дұрыс тамақтану, адамның физикалық, психикалық жағдайына қатысты тақырыптарды одан әрі қамту туралы шешім қабылдады», - делінген хабарламада.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, аталған жоба оқу және практикалық бөлімнен тұрады.

«Қатысушылар өздері таңдаған тақырып бойынша сарапшылар мен сала мамандарын тыңдай отырып, білім мен дағдыларын жетілдіре түсті. Ал жобаның тәжірибелік бөлігінде қатысушылар күнделікті үй тапсырмасын орындап, оның нәтижесін әлеуметтік желі арқылы жариялап отырды. Сонымен қатар жобаның амбассадорлары – экобелсенділер, спортшылар, психологтар және инфлюинсерлер өз тәжірибелерін ортаға салып, марафонға қатысушыларды ынталандырып отырды», - деп хабарлайды қауымдастық.

Ел көлемінде өткен марафонды қорытындылай келе ұйымдастырушылар белсенділік танытқан 36 жеңімпады анықтаған.

«Мен күнделікті өзіме пайдалы болатын әдеттерді бойыма сіңіріп, жаттығуымды тоқтатпастан, күнделікті 1000 қадам жаяу жүріп жүрмін. Таза ауада серуендеп, табиғи суды лимонмен ішуді күнделікті дағдыма енгіздім. Осындай марафонның қатысушысы болғаныма қуаныштымын. Ендігі кезекте сіздердің клубтың мүшесі болуды ұйғардым. Қазіргі уақытта айналамдағы адамдарға, студенттерге сіздердің клубтарыңыз жайлы ақпараттарыммен бөлісіп жүремін. Оларда қызығушылық білдіріп жүр», - дейді жоба қатысушысы тараздық Саят Мәмешов.

Айта кетсек, аталған шараны Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросының және «ECOJER» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығының қолдауымен Қазақстан ұлттық ЮНЕСКО клубтарының қауымдастығы жүзеге асырды.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Спорт, Адам құқығы, БҰҰ, Қоғам,
Жоғары қарай