Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде әлеуметтік маңызы бар 500 жоба жүзеге аспақ

2020 жылдың 26 қараша 2020 14:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры әлеуметтік маңызды 500 жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы қордың корпоративтік қызметінің жетекшісі Мирас Іргебаев Донорлар форумында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры 10 жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келеді және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жасауда мол тәжірибесі бар. Осы 10 жылда әлеуметтік маңызы бар 500 жобаны жүзеге асыра алдық, 1,5 миллионнан астам адам көмек алды. Қорымыз бірізділік, тиімділік және әлеуметтік маңыз қағидаттарына негізделіп жұмыс істейді. Біз үшін қандай да бір мәселенің жүйелі түрде шешілуі өте маңызды. Оған қоса, өз қызметімізде бірреттік қайырымдылықтан бас тарттық. Біз әрдайым белгілі бір мәселелерді шешу кезінде болашақта бұл проблеманың ықпалын азайту үшін оның себептерін толыққанды зерттейміз», - деді М. Іргебаев «Қазмедиа» орталығында өткен Донорлар форумында.

Спикердің пікірінше, карантин жағдайындағы жұмыс донорлық практикаға жаңа құралдарды енгізуге ықпал етеді.

Қор биыл да коронавирус пандемиясына қарамастан өз жобаларын жалғастырып келеді. Карантинде жұмыстың көп бөлігі онлайн жүріп жатыр. Осылайша, «Замандас» балалар аула клубтарымен ынтымақтастық жалғасуда, онда халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар қосымша білім алады. Ал «Дені сау балалар» жобасында церебралды сал ауруы диагнозы бар балаларға консультациялар онлайн-форматта көрсетіліп жатыр.

«Сонымен бірге, «Samruk-Kazyna Trust» қоры Тұңғыш Президент Қорымен бірлесіп БЦП диагнозы бар балаларға арналған 8 оңалту орталығын және 6 психологиялық түзету кабинетін құру жобасын іске асыруда», - дейді М. Іргебаев.

Айта кетейік, форумды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған. Форум қорытындысы бойынша Қазақстанның IX Азаматтық форумының қарар жобасына ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленеді.

Бұған дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет «Қайырымдылық туралы» заңға ұсынылған өзгерістерді айтып берген еді.


Жоғары қарай