Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін қандай мүмкіндіктер жасалады

2020 жылдың 16 тамыз 2020 16:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесе отырып, «Мүгедектер арасында экономикалық белсенділікке жағдай жасау» жобалық кеңсесін жүзеге асыруда. Жобалық кеңсе аясында мүгедектердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етудің 26 негізгі шаралары қарастырылған жол картасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мүгедектердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін дене қызметінің бұзылғаны ескерілетін санаттағы адамдарға ұсынылатын мамандықтар каталогы жасалады.

«Бұл нұсқаулық әдістемелік материал ретінде пайдаланылады. Оның көмегімен жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдар дененің қай мүшесінің қызметі бұзылғанына байланысты қандай кәсіпте өзін-өзі таба алатындығын түсінеді. Ол осы жылдың аяғында аяқталып, электронды еңбек биржасына енгізіледі. Бұл анықтама жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілердің және мүгедектердің жұмысында тиімді құралға айналады», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтерді дамыту департаментінің директоры Дәмежан Сәдуақасова.

Осылайша, электрондық еңбек биржасы физиологиялық шектеулер мен біліктілік түрлерін таңдауға негізделген қолданыстағы бос жұмыс орындары бойынша ұсыныстар шығарады. Бұл мүмкіндік электронды еңбек биржасы арқылы мүгедектерді жұмысқа орналастыру амалының санын көбейтуге мүмкіндік береді, сонымен қатар жұмыс берушілерге жұмыс орындарына қосу деңгейін арттыруға көмектеседі.

Сондай-ақ, мүгедектерді әлеуметтендіру және инклюзивті қамтамасыз ету үшін жоба кеңсесінде инновациялық және сандық технология қолданылады.

Сонымен қатар, дене мүшелерінің әртүрлі қызметі бұзылғандарға арналған мобильді қосымшаларды қол жетімді пайдалану бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Мобильді қосымшаларға мониторинг және мүгедектерге арналған альбом жасалды, оның ішінде 60 қосымша бар. Өтініштер денсаулық ақауларының түрлері бойынша: есту және сөйлеу қабілеті, көру қабілеті және тірек-қимыл аппараты проблемалары бар адамдар үшін 3 топқа бөлінеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ең танымал қосымшалар да анықталды. Өтінімдер туралы ақпарат inva.gov.kz сайтында ұсынылған.

Жобалық кеңсе аясында «ITeachMe» қоғамдық қорымен бірлесіп мобильді қосымшаларды мүгедектердің қажеттіліктеріне бейімдеу үшін қызмет көрсететін компаниялармен және ұйымдармен (жеткізу, сату, мобильді банкинг, такси қызметтері және т.б.) меморандум жасау көзделіп отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың экономикалық тәуелсіздігін арттыруға ықпал ететін тағы бір құрал - «Scale up» бағдарламасы. Ол мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді қолдауға арналған және бизнеске қаржылық емес көмек көрсетуді қарастырады.Бағдарлама мүгедектер ашатын және мүгедектер үшін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндіретін кәсіпорындарды қамтиды. Бүгінгі таңда бағдарламаға қатысу үшін 75 бизнес жоба іріктеліп алынды. Олардың әрқайсысы үшін жеке жол картасы жасалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағдарлама мүгедектердің өмір сапасын жақсартумен айналысатын кәсіпорындардың дамуына серпін береді.

Сонымен қатар, мүгедектерді оқытуға да көңіл бөлінеді. Мемлекеттік басқару академиясы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, қашықтан жұмыс режимінде жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қызметшілерге арналған курстар әзірледі.

« Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасы бойынша бұл курста мүмкіндігі шектеулі 342 мемлекеттік қызметші оқытылды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте 433 мүгедек жұмыс істейді. Оның 318-і орталық мемлекеттік органдарда. Бүгінгі таңда көптеген ұйым қашықтан жұмыс режиміне өткен, сол себепті мұндай оқу курстары өте өзекті», - деп атап өтті Дәмежан Сәдуақасова.

Өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында министрлік отандық кәсіпорындардың Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының «Vision Zero» бағдарламасына қосылу науқанына қатысуда.

«Vision Zero» бағдарламасы үш бағытты біріктіреді: еңбек қауіпсіздігі, өндірістік қауіпсіздік және өндірістің барлық деңгейлеріндегі қауіпсіздік. Бүгінгі таңда Қазақстандағы 300-ге жуық өндірістік және өндірістік емес кәсіпорындар нөлдік жарақат бағдарламасына қосылды.

Министрлік кәсіпорындарды нөлдік жарақат бағдарламасына қосудың экономикалық тиімділігін есептейді. Бағдарлама тұжырымдамасын іске асыру нәтижесінде Қазақстандағы кәсіпорындарда жарақаттану, өлім және мүгедектік деңгейі төмендейді деп күтілуде.

«Еңбек» бағдарламасы туралы дп ұмытпау керек, оның аясында мүгедектер оқудан өтіп, жұмыс табуда, сонымен қатар бизнесті дамыту үшін микронесие мен грант алатын болады. Бірінші жартыжылдықта мүгедектігі бар 7,8 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 2, 2 мың адам тұрақты жұмыс орындарында, 5,6 мың адам уақытша жұмысқа орналасты. Бұл - әлеуметтік жұмыс, жастар практикасы және қоғамдық қызмет.

103 адам шағын несие алды, оның 75-і өз ісін ашты. Мүгедектігі бар 218 қазақстандық грант алды. Қысқа мерзімді кәсіби курстарда мүмкіндігі шектеулі 259 адам қамтылды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 67 адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды.

Қазіргі кездегі негізгі проблемалардың бірі - жұмыс берушілердің мүгедектерді жұмысқа қабылдауға деген қызығушылығының төмендігі. Осы мәселе бойынша жұмыс берушілердің белсенділігінің төмен болу себептерін анықтау үшін министрлік ұйымдар мен кәсіпкерлерге арналған сауалнаманы әзірледі. Қабылданған жауаптардың негізінде мүгедектерді қабылдайтын жұмыс берушілер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша қосымша жұмыстар жүргізілетін болады.

Айта кету керек, елімізде 705,5 мың мүгедек тұрады, оның 430 мыңы - еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Оның 100 мыңға жуығы жұмыс істейді.

«Қабылданған шаралар мүгедектігі бар көптеген қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға және экономикалық қызметке тартуға көмектеседі», - деп қорытындылады Дәмежан Сәдуақасова.


Жоғары қарай