Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға қандай қолдау жасалады

2021 жылдың 6 қазан 2021 11:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға жеңілдікпен несие берілмек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын бірінші оқылымда қарау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасында сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қорының жұмыс істеу мәселелері реттелген. Қор жабдықтарды сатып алуға лизингтік қаржыландыру, сондай-ақ 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша өнеркәсіптік-инновациялық жобаларға жеңілдікпен кредит беру сияқты ынталандыру іс-шараларының операторы болады. Өнеркәсіптік саясатты іске асыру мониторингі өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың тізбесін айқындайтын Бірыңғай индустрияландыру картасы арқылы жүргізілетін болады. Бұл карта – қолданыстағы республикалық және өңірлік индустрияландыру карталарының біріктірілген жаңа түрі», - деді Б. Атамқұлов.

Оның айтуынша, Бірыңғай индустрияландыру картасы жобаларды іске асыру процесін орталықтандырып қадағалауға және туындаған проблемаларға уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру және іске асыру процесіне жүйелілік пен кешенділік беру үшін қажетті құралдар жиынтығы құрылды.

Атап айтқанда, Индустриялық дамуды бағалау – өнеркәсіптің дамуына әсер ететін құқықтық, экономикалық, қаржылық және өзге де факторларды талдауды көздейтін жаңа құрал.

Ынталандыру шараларын іске асырудың тиімділігін бағалау қолдау және тиімділігі әсері төмен ынталандыру шараларын анықтауға мүмкіндік береді, олар қайта қаралады немесе мүлдем алынып тасталынады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өнеркәсіптік саясат аясында бизнес үшін ынталандырудың 20-ға жуық іс-шаралары қолжетімді болады.



Жоғары қарай