Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елорда әкімі Мәңгілік ел даңғылындағы көлік жүктемесін азайту жолдарын атады

2021 жылдың 3 желтоқсан 2021 15:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Есіл бойында салынып жатқан көпірдің жағдайы туралы айтты, ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы елордада көпірлер мен көлік жолайрықтарын салудың маңызын атап өтті. Қараша айында Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысы басталды. Бұрын құрылыс мерзімін кешіктірген сот процестері болған. Қазіргі уақытта барлық процедуралық сәттер шешіліп, көпір құрылысы басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Хазірет Сұлтан мешітінің ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Байтұрсынов көшесі, Қордай көшесі, Айнакөл көшесі, Момышұлы даңғылының сол жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді әкім.

Оның айтуына қарағанда, Тәуелсіздік даңғылындағы көпір пайдалануға берілгеннен кейін Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеме 20%-ға дейін төмендейді.

«Бұл көпірдің құрылысын 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар, қала басшысы Ұлы дала даңғылында көпір салынып жатқанын атап өтті.

Оның пайымынша, Есілдің оң және сол жағалауын жалғайтын көпір Мәңгілік ел даңғылының, Ж.Нәжімеденов, А. Байтұрсынов, Р. Қошқарбаев көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін азайтады.

Жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, Тельман тұрғын алабының, Метро гипермаркеті ауданының, Промышленный тұрғын алабының, Жұмабаев даңғылының, Жүргенов көшесінің және т. б. қолжетімділігін арттырады.

«Сонымен қатар, кейінгі екі жылда елордада 300 көше салынып, жөнделді. Олардың жартысынан көбі тұрғын үй алаптарында орналасқан. Сондай-ақ, жаңа бағыттар, автобус жолақтары іске қосылды, автобус паркі жаңартылуда. Мұның бәрі қала тұрғындарына қала ішінде ыңғайлы жүруге, жол уақытын қысқартуға және қаланы мобильді етуге мүмкіндік береді», - деді Алтай Көлгінов.


Жоғары қарай