Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Елорда полициясы синтетикалық есірткі жасайтын зертхананың жұмысын әшкереледі

2020 жылдың 27 мамыр 2020 18:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда полициясы синтетикалық есірткі жасайтын зертхана жұмысын әшкереледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің арнайы шаралары барысында 26 мамыр күні синтетикалық есірткі түрлері өндірісін жолға қойған 23 жастағы тұрғын ұсталды. Ол жалға алынған үй-жайда зертхана ұйымдастырып, онда есірткі заттарын өндіріп және сатуға дайындап отырған», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Олжас Жарылғапов.

Оның атап өтуінше, ұсталған азамат есірткі дайындауға қажетті прекурсорлардың концентраттарын Интернет арқылы елімізде төтенше жағдай режимі жарияланғанға дейін шетелден сатып алған. Дайын өнімдерін де интернет арқылы немесе есірткіні белгілі бір орынға қалдырып кету арқылы саудалап отырған. Белгілі бір орынға есірткіні қалдырып кетумен 18-бен 30 жас аралығындағы адамдар айналысқан. Олардың 80 пайызға жуығы есірткіге тәуелді екендігі анықталған.





«Аталған азаматтың тұрып жатқан үй-жайын тінту барысында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі өндірісіне қажетті компоненттерді, шыны колбаны, прекурсорларды, өлшейтін таразы, есірткіні бөліп салуға қажетті полиэтилен пакеттерін тауып тәркіледі. Қолдануға арналған 1600-ден астам бір реттік дозадағы есірткі заты айналымнан алынды. Олардың қара нарықтағы бағасы 30 млн теңгеден асып жығылады», - деді ол.





Басқарма басшысының айтуынша, күдікті Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалған. Аталған фактіге байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары және күдіктінің өзге сыбайластарын анықтау әрі ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.





Жоғары қарай