Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада әлеуметтік әлсіз санаттағы отбасылардың балаларына қандай көмек көрсетіледі

2020 жылдың 28 мамыр 2020 13:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова балалардың құқығын қорғау бағытындағы маңызды жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма өкілінің айтуынша балалардың жұмысқа жегілуін болдырмау үшін мемлекеттік органдар ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жасөспірімдердің құқығын қорғау бағытында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс та қарастырылған.

«Мемлекеттік тапсырыс аясында сондай-ақ балалардың қылмысының алдын алуға бағытталған ақпараттық материалдар мен видеороликтер әзірленіп, жедел шаралар ұйымдастырылады. Балалар мен ата-аналардың қатысуымен шаралар өткізіледі. Қамқоршылық органдары ата-ананың қарауынсыз қалған немесе бақылаусыз кеткен балаларды анықтайды. Осы мақсатта әр мектепте әлеуметтік паспорт толтырылады. Мұғалімдер өз кезегінде балалары еңбекке тартылуы мүмкін отбасылардың тізімін береді», - деді спикер.

Сонымен қатар, орта білім беру бағдарламасы аясында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсетіледі.

«Әлеуметтік себептермен балалардың оқуға бармауын болдырмау үшін жалпы орта білім беру аясында әлеуметтік әлсіз санаттағы балаларға көмек көрсетіледі. 2019-2020 оқу жылында бағдарлама бойынша көмек 12 690 бала алды (әр балаға 30 мың теңге көлемінде сертификат берілген).

Сондай-ақ, жыл бойы біз балаларға «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетеміз. 2019 жылы акцияның көмегімен 11 мыңнан астам бала қамтылды. Осы жылдың басынан бастап 2 мыңнан астам бала көмек алды. Балаларға уақтылы көмек көрсету үшін Нұр-Сұлтанда Қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығы жұмыс жасайды. Қалада кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында 11 қосымша білім беру мекемесі бар, 136 филиал жұмыс істейді», - дейді ол.



Жоғары қарай