Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 388.70
EUR 428.70
RUB 6.08
CNY 55.46

Елордада әскерге баратын жастардың денсаулығы жақсарып келеді

2019 жылдың 18 қазан 2019 21:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордадан ҚР Қарулы күштері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері қатарына бір топ жас аттанды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті.

Жалпы, биыл күзгі шақырылым бойынша әр өңірге елордадан 800 жас борышын өтеуге барады. Оның 300-і Қарулы күштердің әскери бөлімдері қатарында қызмет етпек.

Дәрігерлік комиссияның мәліметінше, әскер жасындағы азаматтардың денсаулығы бұрынғыдан жақсарған.

«Бір қуантатыны, жастардың денсаулықтарының жалпы жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Емделуді қажет ететін жастар да бар. Оларға шақыруды кейінге қалдыртып, тізімдерін емдеу мекемелеріне тапсырып, жоспарлы түрде қадағалап отырмыз. Денсаулықтары түзелгеннен кейін әскери қызметке аттандырамыз», - дейді Қалалық әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясының төрағасы Омаров Болат Мұрәділұлы.

Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті қазір әкімдікпен бірлесіп, жұмыссыз жастарды әскерге тартумен белсенді айналысып жатыр. Департамент берген мәліметке сәйкес, 2019 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында әскерге аттандырылған 826 азаматтың 514-і, яғни 62,2%-ының тұрақты жұмысы жоқ.

«Жұмыссыз жастар әскери мамандық алу үшін оқу-жаттығу бөлімдеріне жіберіледі. Бұл оларға болашақта әскери қызметті келісімшарт бойынша жалғастыруға ұтымды мүмкіндік сыйлайды. Ал келісімшартпен қызметте қалғандарға баспаналы болуға, пайыздық мөлшері аз ипотека рәсімдеуге, жанұясына тегін медициналық қызметтер алуға мүмкіндіктер беріледі», - дейді департамент өкілдері.










Басты сөздер: Әскер, Медицина, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай