Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елордада есірткі айналымына қатысты 17 қылмыстық іс сотқа жіберілді

2022 жылдың 13 мамыр 2022 19:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында синтетикалық есірткі айналымымен күрес түйткілді мәселелердің бірі болып отыр. Бұл туралы қалалық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Ерлан Ақбаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Есірткімен күрес мәселесі үнемі назарда. Әсіресе синтетикалық есірткі айналымының жолын кесу күн тәртібінде. Жыл басынан бері қала бойынша 3 есірткі жасау зертханасы анықталып, жабылды. Олардан 17 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Өткен жылы 3 келі синтетикалық есірткі тәркіленген еді», - деді Ерлан Ақбаров елорда мәслихатының отырысында.

Оның айтуынша, биыл есірткі айналымы мен саудасына қатысты 269 заңбұзушылық анықталды. Ал 2021 жылы 322 факт тіркелген.

«Бүгінде заңсыз айналымнан жалпы көлемі 94 келі түрлі наркотикалық заттар тәркі етілді. Жалпы есірткі айналымына қатысты 17 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Өткен жылы есірткімен күрес мәселесіне қатысты астаналық сот 28 фактіні қарады», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 1 мыңнан астам пациент есірткіге тәуелділіктен емделіп жатыр.

Сондай-ақ, елорда дәріханаларында есірткі тектес 1 мыңнан астам дәрі-дәрмектің сатылатыны айтылды.


Жоғары қарай