Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада қаскөйлер қоқыс жинауға арналған контейнерлерді өртеп жіберді

2021 жылдың 4 тамыз 2021 00:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада тұрмыстық қалдықтарды сақтауға арналған контейнерлерді қасақана өртеу жағдайлары бұған дейін де болған. Осы демалыс күндері Есіл ауданында осыған ұқсас жағдай болып, нәтижесінде 36 контейнер өртенді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

30 шілдеде сағат түнгі 3-тен таңғы 5-ке дейінгі кезеңде Есіл ауданында келесі мекенжайлар бойынша контейнерлік алаңдар өртенді:

- Мәңгілік ел, 23

- Ұлы дала 11/1

- Түркістан 2

- Қонаев 35.

Барлығы 36 қоқыс жәшігі жанып кетті, оларды сақтап қалу мүмкін болмады.

Бейнебақылау камераларынан алынған жазбаларда өрттің қасақана жасалғаны көрінеді. Кінәлі адам табылды және жасаған іс-әрекеті үшін жауапкершілікке тартылады.

Мұндай жағдайлар материалдық шығынмен қоса, өрт қаупін жəне тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Контейнерлік алаңдар тұрғын үйлер мен автотұрақтарға жақын орналасқандықтан, бұл тұрғындардың мүлкінің жануына әкелуі де мүмкін.

Жанып кеткен контейнерлерді «Clean City NC» ЖШС және «Қоршаған орта және табиғатты пайдалану басқармасы» мемлекеттік мекемесі жаңасына ауыстырды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі елорда тұрғындарын ҚТҚ жинау және контейнерлердің сақталуы мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Атап айтқанда сөндірілмеген сіріңкелерді, темекі тұқылдарын және басқа да жанғыш заттарды тастамауға, контейнерлер ішіндегі қалдықтардың кездейсоқ жануына әкеп соғуы мүмкін тез тұтанатын сұйықтықтарды, тұрмыстық, өнеркәсіптік және автомобиль химиясын төкпеуге шақырады.

Жеке қауіпсіздік мақсатында автомобильдерді контейнерлік алаңдардың жанына қоюға болмайды.

Жоғары қарай