Ауа райы
Астана 19 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 413.12
EUR 452.86
RUB 5.82
CNY 57.92

Елордада қай санаттағы азаматтарға тегін маска беріледі

2020 жылдың 31 наурыз 2020 12:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордаға тағы 1 млн маска жеткізілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз ең бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлігімен және «СК-Фармациямен» бірге маскаларды медициналық қызметкерлерге, блок-посттарда еңбек ететін қызметтегілерге, қаланы патрульдейтін қызметкерлерге, жедел жәрдем қызметкерлеріне және әртүрлі аурумен есепте тұрған азаматтарға тегін береміз. Осы адамдарға қазірдің өзінде 300 мың медициналық маска тегін таратылды. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының волонтерлары әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарға маскаларды тегін таратады. Ірі гипермаркеттерде 30 мың маска бердік. Яғни осыдан былай супермаркеттер мен гипермаркеттерге қатаң талап қойдық: адамдар кірген кезде қолын жуып, санитарлық талапты сақтауы керек», - деді Алтай Көлгінов Тенгриньюс.кз порталына берген тікелей эфирдегі сұхбатында.

Қала басшысы қазіргі таңда елордаға тағы 1 млн маска жеткізілгенін айтып өтті.

«Әлбетте, жетіспеушілік сезіледі. Себебі адамдар әу баста масканы жаппай сатып алып кеткен. Қазір бір адамға 5 маскадан ғана таратамыз. Бірақ әрбір ұсақ дәріханада маска бар деп айта алмаймын. «Еврофарм», «Гиппократ», «Биосфера» секілді дәріханалармен жұмыс жүргізудеміз», - деді ол.

Алтай Көлгінов қаладағы «Ютари» компаниясы маска тіге бастағанын мәлім етті.

«Мәселе бақылауда. Келесі аптада қаламызға тағы да маскалар мен антисептиктер жеткізіледі», - деді ол.


Жоғары қарай