Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада Keruen мен Әбу-Даби Плазада екпе пункттері ашылды

2021 жылдың 22 сәуір 2021 12:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Keruen» мен «Әбу-Даби Плазада» COVID-19-ға қарсы вакцинация пункттері ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Екі апта бұрын сауда орталығындағы алғашқы егу пункті «Mega Silk way»-да ашылған. Ал 19 сәуірден бастап «Хан Шатыр» СОО-да вакцина қабылдау мүмкіндігі жасалды.

«Сауда-ойын сауық орталықтарында вакцинациялау жұмысын ұйымдастыру жақсы тәжірибе көрсетіп отыр. Осы арқылы қала тұрғындарын қамту көрсеткіші артып келеді. Алғашқы уақытта тұрғындар вакцинациядан үрейленсе, қазір жағдай керісінше, жұрт вакцина алғандар қатарын белсенді түрде толықтыруда. Мысалы, «Mega Silk way»-да медицина қызметкерлері 2 100-ден астам адамды вакцинациялады. Бұл бір ғана орталықтың көрсеткіші», — дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

«Keruen» және «Әбу-Даби Плазадағы» жұмыс уақыты алдыңғы екі орталыққа ұқсас, яғни сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін.

Халықты вакцинациялаумен кеңінен қамту үшін қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін, сондай-ақ жұмыс уақыты 08:00-ден 00:00-ге дейін, СОО-ларда 10:00-ден 22:00-ге дейін ұзартылды.

Елордалықтар COVID-19 вакцинасын алуға белсенді түрде ниет білдіргендіктен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы еңбек ұжымдарын жаппай вакцинациялау үшін көшпелі бригадалар ұйымдастырады. Түрлі кәсіпорындарда КВИ-ға қарсы вакцина алғысы келетіндердің саны 1000 адамға жетеді.

Бүгінгі күні қала бойынша 75 мыңға жуық адам вакцинацияланды.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова елордада халық көп жиналатын орындарда тұрғындарға вакцина салу пункттері ашылатын айтқан еді.



Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Вакцина,
Жоғары қарай