Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада қоғамдық орында мас болып жүрген 3,5 мың адам жауапқа тартылды

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 17:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы аумағында 7 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара қызмет көрсетілетін әкімшілік аумақтағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Сол кезеңде учаскелік инспекторлар көпқабатты үйдің 280 мың пәтерін, 85 мыңнан аса жекеменшік және саяжай үйлерін тексерді.

Қаруды тіркеу уақыты мен сақтау ережелерін бұзған 200-ден аса тұрғын анықталды. 260-қа жуық қару мен иір ойықты мылтыққа арналған 104 оқ тәркіленді.

Нұр-Сұлтан қаласы ПД-нің уақытша жайғастыру орнына тұрғылықты мекенжайы жоқ 140 адам орналастырылды. Ұсақ бұзақылық жасағаны, қоғамдық орындарда темекі шегіп, ата-ананың қарауынсыз үйден тыс жерде және ойын-сауық мекемесінде болғаны үшін 980 кәмелетке толмаған бала полицияға жеткізілді.

Сондай-ақ түнде ата-ананың қарауынсыз қоғамдық орындарда болған 49 бала қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды.

Оған қоса, 27 мыңнан аса азамат түрлі тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылды, оның ішінде 315 отбасы бұзақысы тұрмыстық қарым-қатынас кезіндегі тәртіпке қайшы әрекеті үшін ұсталды. «Учаске» профилактикалық іс-шарасы барысында алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде қоғамдық орындарға барып, азаматтардың намысы мен ар-ұжданын қорлағаны үшін 3,5 мыңнан аса қала тұрғыны жауапқа тартылды.

Профилактикалық іс-шара аясында тұрғын үй подъездерінде учаскелік полиция инспекторының байланыс нөмірі көрсетілген QR-код бар ақпараттық қағаздар ілінді. Бұл азаматтарға мобильді құрылғы арқылы учаскелік полиция пунктінің қайда екенін және басқа да қажетті мәліметті алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тұрғындарды тәртіпті сақтауға шақыру мақсатында учаскелік инспекторлар тұрғындар мен ПИК чатына қосылып, профилактикалық сипаттағы ақпарат таратып отырады.

Қазіргі уақытта астананың барлық учаскелік инспекторлары үй тұрғындарының чатына қосылды.


Басты сөздер: Қылмыспен күрес, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай