Ауа райы
Астана 30 °С
Алматы 34 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елордада мемлекеттік рәміздер мерекесіне орай салтанатты автошеру өтеді

2020 жылдың 4 маусым 2020 10:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада мемлекеттік рәміздер мерекесіне орай салтанатты автошеру өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кез келген мемлекеттің шекарасы, рәміздері болатындығын бәріміз де білеміз. Ел мемлекеттік туымен тұғырлы, елтаңбасымен айшықты болатындықтан жастар арасында бірқатар іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның біріншісі балкондағы ту деп аталса, екіншісі - автоволонтерлермен, жастар ұйымдарымен бірге ұйымдастырылып жатқан автошеру. Жастар көліктермен, мотоциклдермен 28 шақырым жолды көк туымызды желбіретіп жүріп өтеді», - деді Нұр-Сұлтан қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек шеру алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты барысында.




Оның атап өтуінше, 9 мамыр кезінде елорда жастары қаламызда карантиндік режим болғандықтан екінші дүниежүзілік соғыс майдангерлеріне құрмет көрсетіп, «Отан қорғаушы» монументіне гүл шоқтарын қою арқылы тағзым ете алмады. Сондықтан бүгін елорда жастары аталған монументке гүл шоқтарын қояды.

«Кез келген азамат қолына еліміздің көк туын алса айбыны өсіп, рухы асқақтайды. Қазірдің өзінде осы жерде ту ұстаған жастарымыздың арқаланып, мемлекеттік рәмізге деген сүйіспеншіліктерінің артып тұрғанын байқауға болады. Бұған қоса бүгінгі автошеру карантин кезінде үйге қамалып, бұйығы тіршілік кешкен елордалықтардың еңсесін тіктеуге, олардың бойындағы мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыруға сеп болады деп ойлаймын», -деді ол.











Жоғары қарай