Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада оқушыларға «Театр сабағы» өткізіледі

2021 жылдың 27 қаңтар 2021 14:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық мектеп оқушыларына «Театр сабағы» өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

30 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Астана Опера» театрымен бірлесіп 9 сынып оқушыларына арнап «Театр сабағы» атты жаңа, қызықты шығармашылық жобаны бастайды.

«Бұл мектепте оқушылардың бойына мәдениетке деген махаббат пен адами-рухани құндылықтарға баулып қана қоймай, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеті мен дарынын ашуға мүмкіндік береді», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

«Астана Опера» театры белсенді ағартушылық қызметін жүргізіп келе жатқанын айтып өткен жөн, оның репертуарында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жобалар мен концерттер бар.

«Өкінішке қарай карантин кезінде балалар түрлі гаджетті көп пайдаланады, теледидарды көп көреді, компьютер ойындарын ойнайды, сондықтан опера және балет әртістеріміз бен оркестр музыканттарымыздың шеберлігі, сән-салтанаты жарасқан тамаша театрымыз баланы жаңа атмосфераға бөлеп, оған асқақ өнер әлемін ашады деп үміттенеміз. Біздің міндетіміз – болашақтағы көрермендерімізді, опера және балет өнерін сүйер қауымды мектеп жасынан бастап қалыптастыру», - деді мәдениет қайраткері, танымал музыкатанушы Маржан Жәкенова.




«Театр сабағын» тек жоғары сынып оқушылары, яғни бозбалалар мен бойжеткендер үшін өткізу туралы шешім қабылданды.

«Олардың кейбіреуі, әрине, театрда болған, алайда өнер ордасына келудің әрбір сәті – бұл әрдайым мейрам емес пе! Театрда ешқашан болып көрмеген, жай ғана жанынан өтіп бара жатып, бұл қолжетімсіз деп ойлаған балалар да бар. Шын мәнінде, театрдың есігі балалар үшін де, ересектер үшін де айқара ашық», - дейді Маржан Жәкенова.

Балалар үшін алғашқы театр қоңырауы 30 қаңтарда соғылады. Жас көрермендер назарына әлемдік хореография жауһары – Л.Минкустың «Баядерка» балеті дайындалды. Іс-шара бағдарламасына сәйкес, оқушылар театрға спектакльдің басталуына дейін 2 сағат бұрын келеді. Олардың назарына слайдтарды қолдану арқылы тартымды түрде 15 минуттық дәріс әзірленді, тәжірибелі музыкатанушылар балеттің мазмұны, композиторы, хореографы, қойылым туралы, сондай-ақ балалардың бұл күні сахнадан көретін солистер туралы қызықты ақпаратты әңгімелеп береді.

Театр сабағына 30 оқушы келеді. Олар он адамнан үш топқа бөлінеді. Театр бойынша балаларды сахна сырты әлеміне саяхат жасату үшін үш экскурсия жетекшісі алып жүретін үш бағдар әзірленді.

«Балалар қойылымды жасаудың артында қаншама адамның тұрғанын көреді. Біз грим бөлмесіне бас сұғамыз, олар әртістерге қалай грим жасайтынын, қандай жасанды шаштардың болатынын көреді. Содан костюмерлік цехқа кіреміз, онда балалар балет пачкасын ұстап көріп, оның қаншалықты жеңіл екеніне көз жеткізе алады. Жеңіл балет костюмдері мен мысал ретінде XVIII ғасырдың айбынды опера киімдері арасындағы айырмашылықты көреді. Аяқ киім цехында балалар нағыз балет пуанталарын қолмен ұстап көре алады. Сөзсіз, оларға бутафор және реквизит цехтарында қызықты болар, бұл жерде олар бутафорияның не екендігін және декорациялардың қалай жасалатынын білетін болады. Экскурсия кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталады – балалар бастарына каска киеді. Сондай-ақ олардың бағдарына музыкалық кітапхана, дайындық залдары мен тағы басқалар кіреді», - деді Маржан Жәкенова.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?!» деп мәлім еткен еді.


Жоғары қарай