Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада проблемалы 21 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

2021 жылдың 7 шілде 2021 00:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада құрылысы ұзаққа созылған тағы 21 тұрғын үй кешенінде жұмыстар аяқталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында жазды.

«Құрылысы ұзаққа созылған үйлерді аяқтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Елорда күніне орай тағы 21 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Олардың ішінде «Ақерке-2», «Жастар-4», «Талисман», «Арыстан» және тағы басқа тұрғын үй кешендері бар.

Осылайша, тағы үш мың үлескердің мәселесі шешілді. Олар көптен күткен пәтерін алды. Қазір тұрғындарға пәтерінің құжаттарын беру және басқа да құжаттық-процедуралық жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді әкім.

6 шілде күні Алтай Көлгінов «Ақерке-2» тұрғын үй кешенін барып көрген. Бұл үйдің құрылысы жылдар бойы тоқтап тұрды. Қазір тұрғын үй кешенінің қаңқасы аяқталып, терезелер, есіктер, лифтілер орнатылды. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, үйдің қасбеті бойынша жұмыстар жүргізілді. «Үлкен проблемалардың бірі гараждарды бұзу болды. Гараждарды сатып алу бойынша қажет жұмыстар жүргізілді, бұл инженерлік желілерді үйге жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл тұрғын үй кешенінде 150-ден астам отбасы бар», - деді шаһар басшысы.

Әкімнің мәліметіне сүйенсек, елордада 2019 жылдың жазында құрылысы ұзаққа созылған 150-ден астам үй болды. 2019 жылдың жарты жылдығында 13 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға берілді. 2020 жылы 20 үй аяқталды.

«Биыл елордада проблемалы тағы 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл 7 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешіледі деген сөз.

Үлестік құрылыстың әрбір нысаны бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар», — деп жазды елорда әкімі А.Көлгінов.


Жоғары қарай