Ауа райы
Астана -16 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Елордада танымал композиторлардың ән кеші өтті

2019 жылдың 17 қазан 2019 09:30

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу және дамыту мақсатында «Ұмытылмас әндер» атты концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл концерт осымен үшінші жыл өтіп жатыр. Биылғы концерттің ерекшелігі сол, кеш симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтіп жатыр. Бізде жыл сайын жас әншілер арасында тыңдау байқауы өтіп тұрады, одан өткен әртістерді қатарымызға қабылдап, олар өз өнер қоржындарын ұмытылып бара жатқан әндермен толықтырып отырады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының классика және вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Арайлым Рахымқызы.

Оның айтуынша, айтулы кешке 20 әнші 20 ұмытылып бара жатқан әндерді орындаған.

«Бізде жоспар бойынша жыл бойы беретін концерттердің тізімі бар. Бүгінгі концерт соның бірі, яғни афишалық концерттер қатарына жатады. Бір жылда біз 40 қалалық және республикалық деңгейде афишалық концерт береміз, одан бөлек жанама концерттер бар. Сондай-ақ, алдағы қараша айында «Кездер-ай» атты ретро концерт өтеді, одан бөлек 11 желтоқсанда ауыл, туған жер тақырыбына арналған концерт ұйымдастырмақпыз. Және 23 желтоқсанда жылды қорытындылап «Жаңа жылға жаңа ән» атты кеш концертін өткізгелі жатырмыз», - деді ол.

Филармония өкілінің сөзінге қарағанда, бүгінгі концерт симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста өткен.

«Осындай концерттер жиі ұйымдастырылуы керек. Халық ескі әндерді сағынады. Себебі қазір жеңіл әндер өте көп. Бізге концертке шақырса қуана-қуана келеміз. Бүгінгі концертте композитор Теміржан Базарбаевтың «Тамаша» әнін орындаймын», - деді ҚР Еңбегі сіңген әртіс Бағдат Сәмединова.

Айтулы ән кешінде елімізге танымал Әбілахат Есбаев, Сыдық Мұхамеджанов және Теміржан Базарбаев секілді композиторлардың әндері орындалды. Ал әндерді орындаған сахна жұлдыздары қатарында Нұржамал Үсенбаева, Бағдат Сәмединова, Алтынай Жорабаева, Айгүл Қосанова, Естай Мұқашев, Диана Май және тағы басқа өнер майталмандары болды.

Жоғары қарай