Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада ҰБТ өткізу уақыты бір сағатқа шегерілді

2021 жылдың 15 мамыр 2021 22:13

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 16 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында ҰБТ өткізу бір сағатқа шегеріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.

Орталықтың мәліметінше, ертең тек елордада ғана ҰБТ бір сағатқа шегеріледі.

Яғни:

Таңғы сағат 9.00-де басталатын ҰБТ сағат 10.00-ге;

Түскі сағат 14.00-де басталатын ҰБТ 15.00-ге ауысты.

«Аталмыш жағдай Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тестілеу пунктінде («Тәуелсіздік сарайы», Тәуелсіздік көшесі 52-үй) техникалық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты орын алып отыр», делінген хабарламада.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл 21 тест сұрағы қате құрастырылғаны анықталған. Мәселен 2018 жылы апелляция қорытындысы бойынша - 101, 2019 жылы - 58, 2020 жылы – 27 тест тапсырмасы қате болғаны анықталған.

Сондай-ақ, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биылғы тестілеудің басты ерекшеліктерін жариялады.

Бұрын түлектерге қағаз кітапшалар мен жауаптарды бояп толтыру парақтары таратылса, енді тестілеу электрондық форматта жүргізіледі.

Әр қатысушыға компьютер беріліп, оның әрекеттерін бейнекамералар бақылайды. Прокторинг жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар, арнайы орталықта кезекшілер балаларды камера арқылы бақылап отырады.

Тапсырмалардың нұсқалары тестілеуді тапсырар алдында автоматты түрде құрылады, ҰБТ-ны тапсыру орны мен уақытын әр қатысушы өзі анықтайды.

Енді жүз мыңдаған түлектің тестілеуден өтуіне бұрынғыдай бір апта ғана берілмейді. Тестілеудің өткізілу мерзімі екі айға дейін ұзартылды. ҰБТ-ны қашан тапсыру керектігін әркім өзі таңдайды.

Автор Жәнібек Амангелді
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Білім, ҰБТ,
Жоғары қарай