Ауа райы
Астана -21 °С
Алматы -9 °С
валюта бағамы
USD 386.44
EUR 428.37
RUB 6.06
CNY 54.93

Елордада Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы таныстырылды

2019 жылдың 27 сәуір 2019 14:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы «Көрме» орталығында «Eurasian Book Fair-2019» ІV Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің аясында, Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған іс-шараға Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Назира Мұқышева, белгілі ғалым Шерубай Құрманбайұлы, жазушы Кәдірбек Құныпияұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазы секілді белгілі ақын-жазушылар қатысып, Ұларбек Нұрғалымұлының шығармашылығы туралы құнды пікірлерімен бөлісті.

«Жалпы, Ұларбек Нұрғалымұлының шығармашылығы туралы осыған дейін де түрлі БАҚ-та жарияланған туындыларынан танып, біліп жүрміз. Біз, ақын-жазушылар жасыратыны жоқ, өзімізден кейінгі буынның шығармашылығындағы жаңалықтарды кешірек аңғарып, сирек оқимыз. Мен де сол «дәстүрге» бағынып жүрсем де, Ұларбектің жазғандарына назар аударып, іздеп оқимын. Оның «Дайағашшы», «Сөз тапқанға қолқаның қандай қатысы бар?», «Қазақ әнді қалай тыңдаған?» сияқты көптеген танымдық мақалалары менің көңілімнен шықты. Мұнда қазақтың шынайы тұрмыс-салты, мәдениеті, тіршілік дағдысы анық суреттеледі. Қазақтың азаматы ретінде көшпелі өмірді басынан кеше отырып, шығармасында оны терең толғап, шынайы сезініп жазған. Оның бүгінгі қазақ қоғамындағы мәні мен маңызын, үлгісі мен өнегесін салмақтап, таразылап, оқырманға түсінікті тілмен жеткізе білген. Сондықтан, бұл кітабын оқырман іздеп жүріп оқитын кітап деп бағалаймын», - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы.

Ақын, сыншы, «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдегері Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабына қазақы нақышқа қанық эссе, әңгіме және мақалалары топтастырылған. Қаламгер шығармаларының бәрінде дерлік ұлттық болмыстың ұстынды сипаттарын сөз етеді. Бұл кітапқа «Айтуға болмайды», «Атажұртқа келуім бір хикая», «Жұртбаевтағы жұрнақ», «Сөз тапқанға қолқаның қандай қатысы бар?», «Абай айтқан өлмейтұғын сөз», «Қазақ әнді қалай тыңдаған?», «Қыран мен қазақ», «Қайғының емі немесе Кекілбаевқа көңілқос айту», тағы басқа шығармалары енген.



null

Естеріңізге сала кетейік, «Eurasian Book Fair» - еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі еліміздегі іскерлік және гуманитарлық әріптестікті дамыту және нығайту мақсатында ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа, кітап саудасы ұйымдарын, мәдени және білім беру орталықтарын үлкен зияткерлік алаңға біріктіретін аса ірі кітап форумы.

Бұл көрмеге 13 мемлекеттен келген 90 компания қатысуда. Оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Иран, Польша, Бельгия, Латвия, Украина, Өзбекстан бар.

Жастар жылы аясында жас авторлардың қатысуымен «Ашық әңгіме» ақындық марафоны, кітап туралы әңгімелесу (book talks), әдебиет клубының отырысы, «Кітапты қалай тиімді оқу керек?» тақырыбына арналған шеберлік сыныптары, танымал ақын-жазушылармен автограф-сессиялары ұйымдастырылып жатыр.




null

Жоғары қарай