Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада үлескерлер саны 2,5 мыңға азайды

2019 жылдың 18 желтоқсан 2019 12:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада үлескерлер саны 2,5 мыңға азайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында қала әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, үлестік құрылыстағы негізгі проблемалар - заңсыз құрылыс салушылармен және пайшылардың арасындағы сот ауырлығы, жобалық-сметалық құжаттаманың және сараптаманың, қаржылық және техникалық аудиттің болмауы.

«Біз күн сайын әріптестерімізбен бірге проблемалық тұрғын үй кешенінің орнына барып, үлескерлермен кездестік. Барған тұрғын үй кешендерінің жағдайын толықтай көріп, бағаладық. Нысандардың құрылысы әр түрлі сатыда еді. Тек қазаншұңқыры бар, іргетасы қаланбаған үйлер де болды. Бір пәтерді екі адамға сатқан жайттар да кездесті. Жұмыс көп. Әрбір нысан бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 32 тұрғын үй кешенінің 26-сы бойынша аудит жүргізіп, 13-і бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық. 19 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлеу және түзету сатысында. Биылғы жылы айтарлықтай өзгерістер орын алды және жыл қорытындысы бойынша 10 тұрғын үй кешені қолданысқа беріледі. Бұл 2,5 мың үлескері бар 11 үй. Оның ішінде аса күрделі нысан - Комфорт де Люкс. 2 мың үлескердің проблемасы шешіліп, пайдалануға берілді. »Нұрлы Жер« бағдарламасына өзгерістер енгізілді, бұл инвесторларды іздестіруді жеңілдетуге және құрылыс жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік берді», - деді Алтай Көлгінов.

Әкімнің атап өтуінше, мұнан басқа, 30-дан аса проблемалық нысан, яғни 10 мыңнан астам үлескер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қаржыландырылады. 15 нысанды әкімдіктің көмегімен үлескерлердің өздері салып жатыр. «Территория комфорта-1» бұзыла бастады. Техникалық тексеру ғимараттың апатты екенін көрсетті.

2020 жылы 22 нысан (7 881 үлескер), 2021 жылы 7 нысан (1 440 үлескер), 2022 жылы 9 нысан (1 446 үлескер), 2023 жылы 4 нысан (1 208 үлескер) проблемалық нысанның құрылысы аяқталады.

Жоғары қарай