Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Елсияр Қанағатов жасөспірімдер Олимпиадасындағы қазақ спортшыларының басты мақсатын атады

2020 жылдың 6 қаңтар 2020 17:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов Лозаннадағы жасөспірімдер арасында өтетін ІІІ қысқы Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшыларының басты мақсатын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қысқы Олимпиада ойындарындағы басты мақсат – лайықты өнер көрсету. Лозаннада Олимпиада кестесіне сай спорттық шаралардан бөлек, олимпиадалық ынтымақты нығайту мақсатында мәдени шаралар да ұйымдастырылады. Швейцарияға осы уақытқа дейін өзін-өзі таныта білген кіл мықтылар кетіп бара жатыр. Спортшылар ел намысын қорғай алар деген үміттеміз. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында біз әрдайым медаль иеленіп келдік. Сол себепті, уақыттан озып, осынша медаль аламыз демей-ақ қояйын. Спортшылар сақадай сай», - деді Елсиря Қанағатов «Сарыарқа» велогтрегінде өткен салтанатты жиында.

Оның айтуына қарағанда, алдағы қысқы Олимпиада ойындарында спорттың жаңа түрлері таныстырылады.

«Алдағы ойындарда 3х3 хоккей секілді спорттың жаңа түрінен сайыс өтеді. Онда біздің спортшылар Қазақстанның намысын қорғап қана қоймай, өзге елдің атлеттерімен бірге халықаралық команда сапында өнер көрсетеді. Шаңғы бессайысы бар. Мұндай сайыстар жасөспірімдер командалары арасында тұрақты түрде өткізіледі», - деді ол.

Елсияр Қанағатов жас спортшылар осындай сатылардан өтіп, үлкен Олимпиадаға дайындалатынын айтып өтті.

«Бастысы, спортшылар осы қалыптарынан таймай, алдағы кезеңдерге сәтті өтсе дейміз. Жас спортшыны әбден дайындап алып, жарыс жолынан шығып кету ойымызда жоқ. Әлбетте, спорт болғаннан кейін әртүрлі жағдай кездеседі. Жас спортшыларды осы шақта қатты шаршатып, кейін олар спортты тастап кететін жағдайлар кездеседі. Өрендеріміз үшін тақым қысып, медальмен келуін күтеміз», - деді ол.

Еске сала кетсек, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Швейцарияның Лозанна қаласында жасөспірімдер арасында өтетін ІІІ қысқы Олимпиада ойындарына аттанды. Спортшыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі «Сарыарқа» велотрегінде өтті.


Автор Аян Бекенұлы
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай