Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елтаңба авторы жеке құжаттарын ұлттық архив қорына тапсырды

2021 жылдың 10 желтоқсан 2021 20:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорына Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков жеке құжаттарын тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұнда, егемен елдің Елтаңбасын жасаған автор Жандарбек Мәлібекұлындай Тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығы, тың туындыларының түпнұсқа жобалары, қолжазбалары мен сүбелі сұхбаттары, жарияланған еңбектері, фото-бейне материялдары тағы да басқа барлық құжаттары ұлттық архивке берілді.

Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланованың басшылығында арнайы қордың ашылу салтанаты құжаттық, макеттік көрмелермен қоса үлкен іс-шара болып аталып өтілді. Салтанатты шараға белгілі тұлғалардан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы, мемлекет қайраткері, құжаттанушы Жақыпов Мірболат Хабиұлы, Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, жазушы, драматург, журналист, тарихшы, филолог-ғалым Жолтай Әлмашұлы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Қошқарұлы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Байқоңыр Ижанұлы, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы Жандос Бекділдәұлы қатысты. Аталған жиналысқа қатысушылар елтаңбаның тарихы туралы өз ойларымен бөлісті.







Жиналыста сөз алған Жандарбек Мәлібеков Елтаңба тек мерекелік шараларда ғана емес, күнделікті өмірде көбірек насихаттау керек екенін айтты.

«Елдің рәміздерінің көбірек насихатталуы жас ұрпақтың отаншылдық рухын оятады», -дейді елтаңба авторы.

Аталған іс-шара соңында Жандарбек Мәлібеков өзі арнайы жасатқан елтаңбаның төсбелгісін ұлттық архив директоры Сағила Нұрлановаға тарту етті.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған болатын.















Автор Бейсен Сұлтан
Басты сөздер: Қазақстан тарихы, Қоғам,
Жоғары қарай