Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

«Еңбек» бағдарламасы аясында 184 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

2020 жылдың 2 маусым 2020 10:46

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 184 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 176 млрд теңге қарастырылған. Аталған соманың 71,5 млрд теңгесі микрокредиттер мен гранттарға, 32,6 млрд теңге оқытуға, 71,9 млрд теңге субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға және жұмыс күші бар аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға адамдарды көшіруге арналған субсидияларға бағытталады.

«Жыл басынан бері 225 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. Оның ішінде 184 мың адам жұмысқа орналастырылды. Мұнда 99 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды», - деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік бағдарлама аясында 8 мың АЕК-ке дейінгі жеңілдетілген кредиттер 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қайтарымсыз гранттар берілетіндігін жеткізді. Жыл басынан бері 6,1 мың адам бизнесті дамытуға микрокредиттер мен гранттар алғанын айтты.

«Мемлекеттік бағдарламада жұмыссыздарға, әсіресе жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесу үшін кәсіптік білім берудің бірнеше түрі қарастырылған. Коронавирусқа байланысты шектеулерге байланысты оқу курстары енді басталуда. Жыл соңына дейін 100 мыңнан астам жұмыссыз жан жаңа кәсіптер мен дағдыларды үйренуге мүмкіндік алады», - деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, Еңбек министрі жыл басынан бері 84 мың адам субсидияланатын жұмыс орнына жұмысқа тартылғанын атап өтті.


Жоғары қарай