Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Еңбек өтілі мен тәжірибесі жоқ жастар жұмысқа қалай орналаспақ – сарапшы кеңесі

2022 жылдың 26 қаңтар 2022 23:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде жыл сайын университет және колледжден жүздеген түлек қанат қағады. Оларға ортақ мәселе, мамандығы мен қалауына сәйкес жұмыс табу. Осы орайда жұмыссыз жас мамандар не істеу керек? Қайда жүгінген жөн? Аталған мәселеге қатысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев кеңесін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылдан бастап Білім және ғылым министрлігімен бірге колледждердегі білім бағдарламасын жетілдіруді қолға аламыз. Өйткені, заманауи нарық 4 жыл бойы университеттің түлегін күтіп отырмайды. Оларға маман қазір керек. Яғни колледж немесе қысқамерзімді курс бітіргендерді іздейді. Осы орайда колледж басшылығы мен онда білім алып жатқан түлектердің көзқарасын өзгерту қажет. Ол дегеніміз жұмысқа сәтті тұру үшін университетті бітіру міндетті емес деген сөз», - деді Олжас Ордабаев «Хабар-24» телеарнасының «Интервью» бағдарламасының эфирінде.

Сондай-ақ, ұлттық палата өкілі диплом алып жұмыс таба алмай жүрген түлектер үшін қысқамерзімді бағдарламалардың барын айтты.

«Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы бар. Қазір ол ұлттық жоба аясында қайта жанданып жатыр. Қысқасын айтқанда, түлек еңбекпен қамту орталығына жүгіне отырып, білім-білігін жетілдіріп немесе қайта оқу курсынан өте алады. Жас түлектерге қатысты тағы бір проблема, еңбек өтілі мен тәжірибе болмағандықтан оларды ешкім жұмысқа алмайды. Осы орайда «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» атты екі бағдарлама бар. Оған қатысу үшін еңбекпен қамту орталығына жүгіну керек», - дейді ол.

Одан бөлек, эфир қонағы аталған 2 бағдарламаның пайдалы тұстарына тоқталып өтті.

«Жұмыс берушіге жас түлекті практикаға алғаны үшін мемлекеттік субсидия алуына мүмкіндік беріледі. Ал жас маман өз кезегінде тәжірибе жинайды, яғни еңбек өтілі жүреді», - деді төраға орынбасары.

Бұған дейін «Атамекен» ҰКП өкілі Қазақстанда оқу бітірген жастардың жұмыс таба алмауының себебін түсіндірген еді.


Жоғары қарай