Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Энергетика министрлігінде жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдері талқыланды

2021 жылдың 22 қаңтар 2021 12:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығының қатысуымен Энергетика министрлігінде кеңес өтті. Күн тәртібінде – превенция, алдын алу және қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлықпен күрес ведомствосының баспасөз қызметі.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев қызметтің және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету бойынша ведомствоның күш-жігерін жандандырғанын атап өтті.

«Былтыр бірқатар бизнес-үдерістер оңтайландырылды. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру мәселесі онлайн-форматқа көшірілді, жер қойнауын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияның құрамы күшейтіліп, тәуелсіз сарапшылар құрамы кеңейтілді, қоғам белсенділері тартылды. Ел басшылығы мен Үкіметтің тікелей тапсырмасына сәйкес бұл бағыт жалғасады», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев энергетика саласының қызметкерлеріне жүктелген жоғары жауапкершілікке назар аударды: «Отын-энергетика кешені әлемнің кез келген елінің әлеуметтік-экономикалық дамуының локомотиві болып табылады. Біздің мемлекетімізде ол басқа салалар мен әлеуметтік саланың дамуы мен сәтті жұмыс істеуіне ықпал ететін бюджет кірістерінің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді. Бұл саладағы сыбайлас жемқорлықтың мультипликативті әсері бар, себебі болмашы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тұтастай алғанда ел үшін айтарлықтай салдарға әкеп соқтыруы мүмкін».

Ол Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінде қызмет алушылар үшін қолайлы жағдай жасау және тұтынушыға бағдарлануды қамтамасыз ету сияқты азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік үлгісіне көшудің маңыздылығын еске салды.

2020 жылы келушілердің қолжетімділігін жеңілдету үшін Министрліктің орталық аппаратында ғимараттың бірінші қабатында орналасқан «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды. Әр ниет білдіруші азамат кеңес алатын немесе шағыммен жүгіне алатын жедел желі ұйымдастырылды (8-7172-786938).

Қызметкерлер азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау саласындағы проблемалық мәселелерді, сондай-ақ электр энергетикасы саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын зерделеуге назар аударады.

Осыған орай Агенттік жанындағы арнайы мониторингтік тобының жетекшісі Айгүл Соловьева: «Министрлік қызметкерлері жұртшылық үшін ашылуы тиіс. «Энергетика министрлігі – Адалдық алаңы« жобалық кеңсесі өз құрамына азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерін тарту арқылы өзара іс-қимылдың тиімді алаңына айналуы тиіс».

Кеңес барысында инвестициялық тартымдылықты нығайту тұрғысынан Министрлік қызметінің ашықтығын арттыру мәселелері де талқыланды. 2020 жылдың желтоқсанында алғаш рет жер қойнауын пайдалану құқығын алуға аукциондық сауда-саттық өткізілгені атап өтілді. 263 млн теңге деңгейіндегі жиынтық бастапқы баға 230 еседен астам өсіп, 61 млрд теңгеге жетті.

Елдің ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізуді автоматтандырылған жоспарлауды енгізу пысықталуда. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.

Министрлік электрондық алаңдар арқылы сауда-саттық көлемін кезең-кезеңмен ұлғайтуды да көздеп отыр. Толыққанды көшу 2021 жылдың соңына дейін жүреді. Осылайша, негізделген баға тәжірибесі қалыптасады. Бұл мәмілелердің транспаренттілігін, елді газбен жабдықтау сенімділігін арттыруды және көлеңкелі экспортты жоюды білдіреді.

Мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін құру да жоспарда бар. Шын мәнінде, бұл мұнай мен газ конденсатын дайындау, тасымалдау, сақтау, жөнелту, сату, аумаққа әкелу және елден шығару мониторингі, бақылау құралы болады. Бұл бағыт Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен ынтымақтастықта іске асырылады.





Жоғары қарай