Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

ЕО Иранның ядролық келісімнен бас тартқанына өкініш білдірді

2020 жылдың 6 қаңтар 2020 21:55

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуропалық одақ Иранның уранды байыту көлемі мен деңгейін шектеуге бағытталған ядролық келісімнен бас тартқанына өкініш білдірді.

Бұл туралы өзінің Twitter-дегі микроблогында Еуропалық Одақтың Шетел істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иранның Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары бойынша жасаған соңғы шешіміне өкініш білдіреміз. Біз әдеттегідей МАГАТЭ тарапынан жасалатын мониторингтің нәтижелеріне үміт артамыз»,-деп жазды ол дүйсенбі күні.

«Өңірлік және жаһандық қауіпсіздік үшін ядролық келісімді толық іске қосу әсіресе бүгінгі таңда ең маңызды мәселелердің бірі»,-деген пікірін білдірді ЕО дипломатиясының басшысы.

Ж.Боррель мәселенің шешімін табу үшін қызығушылық танытқан барлық тараптармен жұмысты жалғастыра беретінін айтты.

Айта кетейік, 2015 жылдың шілде айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жаһандық қырып-жою қаруларын таратпаудың шешуші құралы болып табылатын Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын (ЖҚБІЖ) бірауыздан мақұлдаған болатын.

ЖҚБІЖ Иран және халықаралық қолдаушы «алтылық» (АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Қытай, және Ресей) арасында жасалған болатын.

Тегеран санкциялар алынып тасталған жағдайда, атом саласында өзінің өндірісін шектеуге келісті.

2018 жылы санкцияларды қайта іске қосқан АҚШ ЖҚБІЖ-ден шығып кетті. Бұған жауап ретінде Тегеран ядролық келісім аясындағы өзінің міндеттемелерін шектей бастады.

Иранның Сыртқы істер министрлігі жексенбі күні кешкісін ЖҚБІЖ-дан бас тарту бойынша өзінің кезекті қадамын жасады. Енді Иранның ядролық бағдарламасында көлем мен деңгейге қатысты ешқандай шектеулер болмайды.

Тимур Дүйсекеев


Жоғары қарай