Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ералы Тоғжанов Алматыдағы әлеуметтік нысандарды аралады

2021 жылдың 27 желтоқсан 2021 20:01

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматыдағы «Асыл Мирас» аутизм орталығы мен «MEIIRIM» балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асыл Мирас» аутизм орталығының жаңа ғимараты Қонаев көшесі, 122 мекенжайда орналасқан. Орталықтың алаңын ұлғайтудың арқасында жылына 300-ге жуық отбасы бейімдеу бағдарламаларымен қамтылады.

«Асыл Мирас» 2015 жылы Болат Өтемұратовтың қоры ашқан Алматыдағы алғашқы аутизм орталығы болды. Өткен 7 жыл ішінде 2,8 мыңға жуық бала РАС белгілерін анықтау үшін диагностикадан өтті, 1,5 мыңға жуық бала білікті көмек алды.

Орталық интервенцияның алты бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, олардың әрқайсысы әлеуметтік, сөйлеу және тұрмыстық дағдылардың тапшылығын анықтауға және жоюға бағытталған.

Ералы Тоғжанов балаларға ынтымақтастық, сөйлеуді түсіну, визуалды қабілеттер мен өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін студиялық нұсқасын және өмірлік дағдыларды дамыту кабинетін аралап көрді.




Мұнда ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 30 орынды конференц-зал бар. Орталықтың барлық қызметтері тегін көрсетіледі.

Айта ккетейік, «Асыл Мирас» аутизм орталықтар желісі бүгінгі таңда Қазақстанның 9 қаласында табысты жұмыс істеуде. Жақын арада Тараз және Қарағанды қалаларында тағы екі орталық ашылады.

Сондай-ақ ҚР вице-премьері Ералы Тоғжанов «MEIIRIM» балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығында болды.

Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығының мамандары 16 жыл ішінде балаларды дамытудың танымал және ұсынылған жүйелерінде, сондай-ақ педагогикалық құрамының бай тәжірибесіне негізделген өзіндік бірегей бағдарлама әзірледі.

Шын мәнінде, бұл 3 жастан 16 жасқа дейінгі ерекше балаларға арналған балабақша-мектеп, мұнда аталған топтағы балалар өсу кезеңіне дейін мамандандырылған физикалық және білім беру оңалтудың толық бағдарламасынан өтеді.

2005 жылдан бастап оңалту орталығында 450 бала оқытылды, олардың 200-і жалпы білім беретін немесе жеке меншік мектептерде, 100-і мемлекеттік арнайы мекемелерде оқуын жалғастырды.




38 тәрбиеленуші оңалту бағдарламасынан кейін мүгедектер арбасының көмегінсіз өз бетінше қозғала бастады, жүргізуші құралдар көмегімен - 52 бала.

Тірек-қимылсыз қалыпқа душар болған балалар үшін бұл үлкен жетістік және ерекше бала тәрбиелеп отырған бүкіл отбасының өмір сүру сапасын арттырады.

«Алмалы» холдингінің бас директоры Қайрат Боранбаевтың айтуынша, балаларды қолдау мемлекет үшін өте маңызды

«Мұндай форматтағы орталық - еліміз үшін бірегей және әзірше Қазақстанда жалғыз. Оны ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де оңалту деп санауға болады. Елдің басқа аймақтарында ерекше балалардың ата-аналары өз бетінше тамақ ішуге қабілетсіз балаларын бүкіл жұмыс күні бойына қараусыз тастап кете алмайды. Ал бұл балалардың аналары жұмыс істеуге, өздерін дамытуға және отбасы мен басқа балаларға уақыт бөлуге мүмкіндік алады. Бұл тек толық жұмыс аптасы режимінде ерекше балаларға күтім жасайтын балабақша ғана емес, балалар мен ата-аналарына өмір сапасын жақсартуға көмектесетін түрлі дағдыларды үйретеді»,- деді ол.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов оңалту орталығымен танысқаннан кейін жүргізіліп жатқан жұмысты жоғары бағалап, алдағы қызметіне табыс тіледі.


















Жоғары қарай